Қырғызстанда бақылау бекетінің қызметкерлері жүк көліктерін өткізу үшін пара алған
Қырғызстанның Шу облысындағы салмақ және габариттік бақылау жүргізетін бес бекетте жүйелі сыбайлас жемқорлық дерегі анықталды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі хабарлады.
Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің баспасөз орталығының мәліметінше, салмақ және габариттік бақылау (СГБ) бекеттерінің қызметкерлері белгіленген салмақ және габариттік нормаларды бұзған ауыр жүк көліктерін кедергісіз өткізу үшін жүргізушілерден жүйелі түрде ақша бопсалап, пара алып отырған.
Арнайы іс-шаралар нәтижесінде Шу облысындағы бес бақылау бекетінің инспекторлары ұсталды. Олар Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл сыбайлас жемқорлық схемасы белгіленген нормаларды бұзған ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруіне мүмкіндік беріп, автомобиль жолдарына және мемлекеттің мүддесіне зиян келтіру қаупін тудырған.
Бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров сыбайлас жемқорлықпен күресте ешкімге аяушылық болмайтынын мәлімдеген еді.
Сондай-ақ Қырғызстанның сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы қалай күресіп жатқаны туралы жазғанбыз.