Қазақстан мен Қытай: Халықаралық тележоба қос елде қатар көрсетілді

АСТАНА. KAZINFORM — Күні кеше халықаралық Silk Way арнасы теледебат ұйымдастырған еді. Бұл жоба бүгін CGTN телеарнасында да көрсетілмек. Осыған орай, Қытайдағы ең танымал телеарнаның жүргізушісі Тянь Вэй «Бүгін LIVE» студиясында қонақ болып, шарадан алған әсерімен бөлісті.

Қазақстан мен Қытай: Халықаралық тележоба қос елде қатар көрсетілді
Фото: Видеодан скрин

— Теледебат сөзсіз өте тамаша өтті. Танымдық әрі қызу пікірталас болды. Көптеген маңызды мәселе талқыланды. «Орталық Азия — Қытай» саммитінің арқасында осындай ауқымды жобаны ұйымдастыра алғанымызға қуаныштымын. CGTN — Қытайдағы ең танымал телеарналардың бірі болса, Silk Way — Қазақстандағы халықаралық бағыттағы жетекші арна. Осы екі арнаның бірлесіп жасаған үлкен жобасы қос елде де көрсетіледі. Silk Way арнасында бағдарлама алты тілде ұсынылса, CGTN арқылы да көрермендерге жол тартты, — дейді журналист.

Халықаралық шараға тек кәсіби сарапшылар ғана емес, астаналық студенттер де қатысыпты.

— Бұл теледебатқа сарапшылар ғана емес, Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеттің студенттері де қатысты. Олар көптеген қызықты сұрақ қойып, өзекті мәселелерді еркін талқылады. Жастардың қатысуы пікірталасқа серпін беріп, жаңа көзқарастар ұсынды, — дейді студия қонағы.

Тянь Вэй Қазақстанға екінші рет келіп отыр. Ол осы екі аралықта елорда біршама өзгергенін айтты.

— Бұл — менің Қазақстанға екінші рет келуім. Былтыр Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне орай келген болатынмын. Сол сапарда да бірлескен тележоба жасадық. Биыл елде көп өзгеріс болыпты. Қала көркейіп, дамып келеді. Тек елорда ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша жаңа жобалар мен бастамаларды көріп, таныстым. Қытай мен Орталық Азия елдері де өз орнын әлемге танытып жатыр. Кеше Ұлттық музейге бардым. Біз сол жерде де сюжеттер түсірдік. Ол музейде көрнекті тарихи экспонаттар бар екен. Өте керемет әсер алдым, — дейді ол.

Танымал тележүргізуші өз еңбек жолында көптеген беделді тұлғамен сұхбат жүргізген. Десе де қарапайым халықпен әңгімелесу әсерлірек дейді маман.

— Мен көптеген адамнан сұхбат алдым. Әсіресе, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш пен Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директорымен өткен сұхбаттар ерекше есімде қалды. Бұл сұхбаттар өте маңызды, өйткені Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыс тек экономикамен шектелмейді. Халықаралық ұйым басшыларымен ғана емес, қарапайым адамдармен де сұхбаттасу өте қызықты. Осындай әңгімелер барысында көп нәрсеге көз жеткізіп, жаңа нәрселерді үйренемін. Шағын болса да, мұндай диалогтарда маңызды мәселелер көтеріледі, — дейді Тянь Вэй.

Студия қонағы «Бүгін LIVE» туралы да пікір білдіріп, бағдарлама ұжымына алғысын жеткізді.

— Бұл сұхбат та менің есімде сақталатыны анық. Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын. «Бүгін LIVE» — өте қызықты әрі мазмұнды бағдарлама екен. Бағдарламаның көрермені көп болсын. Медиа саласындағы өзара ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да нығая береді деп сенемін, — дейді CGTN телеарнасының қызметкері.

Айта кетейік, Астанада «Тату көршілік және достық: болашаққа бірге қадам» Орталық Азия — Қытай гуманитарлық алмасу форумы өтті.

Соңғы жаңалықтар