Қазақстан мен Қытай инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімді жаңартады

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «Орталық Азия — Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумында Қазақстан мен Қытай инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімді жаңартатынын мәлім етті. 

Қазақстан мен Қытай инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімді жаңартады
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Бүгін Қытай Үкіметімен Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы жаңартылған келісімге қол қойылады. Бұл құжат қытайлық инвесторлардың біздің елімізде жұмыс істеуіне бұрынғыдан да қолайлы жағдай жасайды.

Біз әрбір инвесторды жеке қолдау және сүйемелдеу қағидатын енгіздік. Салықтан, кедендік баждан босату, заттай грант беру, инфрақұрылым мәселелерін шешу сияқты жеңілдіктер көзделіп отыр, — деді ол.

Вице-премьер Қытай инвесторларын Қазақстан экономикасына алаңсыз инвестиция құюға шақырды.

— Қытайлық серіктестерді Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде бизнесті дамыту үшін қолда бар мүмкіндіктердің бәрін пайдалануға шақырамыз. Бүгінгі іс-шаралар іскерлік топтың барлық өкілдері үшін ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашатынына сенімдімін, — деді Роман Скляр.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан екінші АЭС салатын консорциумның тізгінін Қытайға беруге ниетті екенін мәлім болған еді

Соңғы жаңалықтар