Қазақстан мен Қытай Іле ойпатындағы уран кенішін бірлесіп барламақшы
АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы «Орталық Азия — Қытай» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумында трансшекаралық уран кенішін бірлесіп барлауға мүмкіндік ашатын келісімге қол қойылды.

— Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты мен Қытай геология университеті, CNNC геобарлау корпорациясы және Xiamen Wanli Stone Co., Ltd компаниясы трансшекаралық кен белдеулерін салыстырмалы түрде бірлесіп зерттеуге бағытталған негіздемелік келісімге қол қойды. Бастама аясында тараптар уран кені бар «Төменгі Іле ойпаты — Іле өңірі» белдеуін ядролық энергетика саласындағы орта және ұзақ мерзімді ынтымақтастық жоспарына енгізуге күш салады, — деп жазылған «Kazakh Invest» компаниясының мәліметінде.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан екінші АЭС салатын консорциумның тізгінін Қытайға беруге ниетті екенін мәлім болған еді.