Қазақстан мен Қытай шегірткеге қарсы қалай күресіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Көршілес жатқан екі елде де қазір шегірткеге қарсы күрес маусымы жалғасып жатыр. Бұл қауіпті зиянкестер тіпті шекараға қарамайды, сондықтан мемлекетаралық деңгейдегі үйлесімді іс-қимыл қажет. Осы тұста Қазақстан мен Қытай бірлесе «егіннің қас жауына» қарсы қандай шаралар атқарып жатқаны жөнінде Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы талдау жасап көрді. 

Қазақстан мен Қытай шегірткеге қарсы қалай күресіп жатыр
Коллаж: Kazinform / Freepik / Pexels

Шегірткенің барлығы бірдей емес…

Бір ғана Қазақстанның өзінде шегірткенің 270-тен астам түрі тіршілік етеді, олардың шамамен 25-30-ы ауыл шаруашылығы дақылдарына үлкен зиян келтіре алатын зиянкестер қатарына жатады. Республика егіншілігіне ең үлкен қатер төндіретіндері — үйірлі шегірткелер, нақтырақ айтсақ үш түрі: итальян шегірткесі, азиялық көшпелі және марокко шегірткесі.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) мәліметінше, биыл жазда марокко шегірткесі Орталық Азияның барлық еліне қауіп төндірген. Ал итальян шегірткесіне қатысты жағдай аймақ елдерінің көпшілігінде күрделі. Азиялық көшпелі шегірткеге келер болсақ, оның Қазақстан аумағында тіршілік циклі мен өсіп-өнуі әлі де жалғасып жатқаны ғана атап өтілген.

KAZINFORM –    https://kaz.inform.kz/news/tailand-premer-ministr-etikalik-daudan-keyn-kizmetnen-uakitsha-shettetld-fa7f4a/
Фото: canva

Көрші Қытайда мамандар биыл ауыл шаруашылығы саласына қауіп төндіретін шегірткенің төрт түрін атап отыр: Шығыс Азия көшпелі шегірткесі, азиялық көшпелі шегіртке, Тибет шегірткесі және жер шегірткесі. Қытайдың Ұлттық агротехникалық қызметтер орталығы жазда алғашқы үш түрдің таралуын әлсізден орташа деңгейге дейін өседі деп болжады.

Ал жер шегірткесінің солтүстік аймақтарда орташа деңгейде таралып үлгерген. Кей өңірлерде жергілікті ошақтары пайда болуы мүмкін екені айтылуда. Салаға жауапты институт Орталық Азия елдерінен көшкен зиянкестер Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына енеді деп болжап отыр.

Қазақстан қалай қорғанбақ?

Маусым басынан бері шегіртке шабуылына негізінен Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлері ұшырады. Республикадағы үйірлі шегірткелердің таралуы 2,1 млн гектарға дейінгі аумақты қамтуы мүмкін деп болжанған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, қазір 11,4 млн гектар ауыл шаруашылығы алқабы тексеріліп, шегірткелердің таралуы болжанған аумақтың 95,5%-ы уланған. Марокко шегірткесіне қарсы қорғану шаралары Жамбыл және Түркістан облыстарында толық аяқталған. Ал итальян шегірткесіне қарсы жұмыстар 15 өңірде жалғасып жатыр. Бұл жұмыстарға 443 дана арнайы бүрку техникасы мен 3,5 мың маман тартылған екен.

Салаға жауапты ведомство шекара маңындағы аумақтарда шегіртке ошақтары мен көрші аумақтардан ұшып келуі мүмкін зиянкестерге тұрақты мониторинг жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ көршілес елдердің мамандарымен бірлесіп зерттеу жұмыстары басталған.

Қазақстан мен Қытай шегірткеге қарсы қалай күресіп жатыр
Фото: canva

Фитосанитарлық шаралардың тиімділігін арттыру үшін Қазақстанда шегірткемен күрес және мониторинг жүргізу функциялары мен бюджетін республикалық деңгейден жергілікті деңгейге беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Осыған байланысты әзірленген «Фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қазір қарауда тұр.

Қытай шегірткеге қарсы дрон мен құстарды пайдаланып жатыр

Қытайда биыл шегірткенің маусымдық белсенділігі көпжылдық қалыпты деңгейде сақталып отыр. Дегенмен ҚХР Ауыл шаруашылығы және ауыл істері министрлігі елдің солтүстігінде жергілікті ошақтардың пайда болу қаупі мен Қазақстаннан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына жәндіктердің көшу қаупі бар екенін қайталап ескертіп жатыр.

Агроөндірісті қорғау және жедел әрекет ету мақсатында Қытай билігі «2025 жылға арналған ауыл шаруашылығы аймақтарында шегірткеге қарсы алдын алу және күресудің техникалық жоспарын» бекітті. Жоспар спутниктік мониторингтен бастап дрондар мен биологиялық агенттерді қолдануға дейінгі кең ауқымды шараларды қамтиды.

Қытайда шегіртке мониторингі тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары, спутниктік деректер, геоақпараттық жүйелер және тұрақты жерүсті зерттеулері қолданылады. Әсіресе көшпелі шегіртке түрлері мен олардың көшу бағыттарына ерекше назар аударылған.

Қазақстан мен Қытай шегірткеге қарсы қалай күресіп жатыр
Фото: canva

ҚХР-дың ауыл шаруашылығын қорғау стратегиясында басымдық экологиялық алдын алу шараларына беріледі. Шегіртке шабуылына ұшырауы мүмкін өңірлерде зиянкестер жолай қоймайтын дақылдар — жоңышқа, бұталы аморфа және мақта өсіріледі. Көл жағалауларында көгалдандыру және малға азық шөптер егу шаралары жүргізіледі. Бұл шегірткенің табиғи жауларын — құстарды, бақаларды, сондай-ақ үйрек пен тауықты көбейтуге септігін тигізбек.

Жер шегірткесі көбейетін аймақтарда олардың тіршілік циклін бұзу үшін жерді терең жырту әдісі кеңінен қолданылады.

Шегіртке аз немесе орташа деңгейде таралған болса, биологиялық құралдарға басымдық беріледі. Жәндіктердің асқорыту жүйесін зақымдап, бірінен бірі арқылы таралатын микробиологиялық препараттар — жасыл және ақ метаризиум, микроспоридиялар пайдаланылады. Қосымша түрде өсімдік негізіндегі инсектицидтер, яғни, азадирахтин мен матрин секілділер қолданылады.

Егер шегіртке көбейе бастаса (көшпелі шегіртке үшін 1 м² жерге 5-тен астам, жер шегірткесі үшін 20-дан асса) заманауи химиялық препараттар — циперметрин, малатион, абамектин мен триазофос, бета-циперметрин мен малатионның комбинациялары қолданылады. Ауыл шаруашылығы жерлерінің кең алқаптарында улау жұмыстары дрондар мен аса ұсақ шашырату технологиясы бар ауыр жерүсті техникасы арқылы жүргізеді.

Демек, көрші елдің бұл жұмыстарының арқасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Цифрлық технологияларды, агроэкологиялық шешімдерді, биологиялық әдістерді және нүктелік химиялық өңдеуді үйлестіру арқылы шегіртке зиянын барынша азайтып, трансшекаралық қауіп-қатердің алдын алуға мүмкіндік бар.

Екі елдің бірлескен мониторингі

Қазақстан мен Қытайдың шекаралас аймақтарында бірлескен мониторинг пен деректер алмасу тетігі бар. Өңірдің фитосанитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жоспар бар. Маусым айында екі елдің мамандары кезекті тексеріс жүргізді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, шекаралас аймақтарда шегірткеге қатысты зиянкестердің таралуы бойынша ресми расталған деректер тіркелмеген.

Бұл салада жүйелі жұмыс істеудің негізі — «Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Ауыл шаруашылығы және ауыл істері министрлігі арасындағы шегірткелер мен өзге де ауыл шаруашылығы зиянкестері мен ауруларына қарсы қорғану шараларын жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім».

Қазақстан мен Қытай шегірткеге қарсы қалай күресіп жатыр
Фото: canva

Құжатта зиянкестердің таралу ареалдарын бірлесіп зерттеу, ақпарат алмасу, улау мерзімдерін, әдістері мен технологияларын келісу, қолданылатын пестицидтердің тізбесін үйлестіру, сондай-ақ тәжірибе мен техникалық қолдау көзделген.

Институционалдық деңгейде үйлестіру мақсатында екі елдің салалық ведомстволары арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі қосалқы комитет құрылды. Биыл наурыз айында оның алғашқы отырысы өткен.

Кездесу барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен ҚХР Ауыл шаруашылығы және ауыл істері вице-министрі Чжан Чжили аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.

Отырыстың басты тақырыптарының бірі — шекара маңындағы өңірлерде шегірткеге қарсы күрес мәселесі. Тараптар бірлескен зерттеулерді жалғастыруға, тәжірибе алмасуға және фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін заманауи әдістерді қолдануға дайын екендерін жария еткен.

Соңғы жаңалықтар