Қазақстан мен Қытай ШЫҰ аясында тығыз жұмыс істеуге бейіл — Мемлекет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM — ШЫҰ аясындағы ынтымақтастық Қазақстанның аймақтық ұстанымымен үндесіп отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық China Daily басылымында жарияланған «Қазақстан мен Қытайдың берік әрі сенімді қарым-қатынасы — табысты ынтымақтастықтың кепілі» атты мақаласында осылай деді.  

Қытай ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықты 8 бағыт бойынша ілгерілетпек
Фото: Ақорда

Президенттің сөзінше, дипломатиялық тұрғыдан Қазақстан мен Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясында тығыз жұмыс істеуге бейіл.

— ШЫҰ тұрақтылыққа, экономикалық дамуға және мәдени алмасуға дәнекер болып, Еуразиядағы көпжақты ынтымақтастықтың негізгі алаңына айналды. Ұйымның негізін қалаушы елдер ретінде Қазақстан мен Қытай өңірді жан-жақты дамыту ісіне ШЫҰ әлеуетін толық пайдалану үшін бірге жұмыс істеп жатыр. Қытайдың қазіргі төрағалығы аясында ШЫҰ өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға, экономикалық интеграцияны тереңдетуге және мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтуге ерекше мән беріп отыр. Аталған басымдықтар Қазақстанның өз аймағымызға қатысты ұстанымымен барынша үндеседі, — деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Тяньцзинь қаласында өтетін ШЫҰ-ның тарихи саммиті ұйымның алдағы даму траекториясын айқындайды.

— Басқосу өзекті жаһандық мәселелер бойынша стратегиямызды үйлестіріп, институттық реформаларды ілгерілетуге айрықша мүмкіндік береді. Саммит қазіргі алмағайып заманда ШЫҰ-ның әлемдегі тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосатын бірлестік ретіндегі рөлін нығайта түсеріне сенімдімін. Қазіргі жағдайда Шанхай ынтымақтастық ұйымының өзара құрметке және бірге дамуға негізделген ұстанымының өзектілігі бұрынғыдан бетер арта түсті, — деп түйіндеді Президент.

Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар