Қазақстан мен Қытайдың энергетикадағы ынтымақтастығы: бірлескен жобалар қандай нәтиже береді

АСТАНА. KAZINFORM — Қос мемлекет энергетика секторындағы серіктестікті күшейтеді. Бұл туралы екі елдің мамандары Энергетикалық жабдық саласында техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қытай-Қазақстан форумында талқылады. 

Қазақстан мен Қытайдың энергетикадағы ынтымақтастығы: бірлескен жобалар қандай нәтиже береді
Фото: Kazinform

Елордада өтіп жатқан екі күндік іс-шара аясында Жасыл энергетика жабдықтарына сервистік қызмет көрсету орталығының таныстырылымы өтті. Бұл кешен ҚХР-ның Циндао қаласында «Қытай — ШЫҰ» сауда-экономикалық институты жанынан ашылды. Ол электр станцияларының энергия тиімділігін арттыру және энергия тұтыну көлемін қысқарту үшін Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдеріндегі электр станцияларына кешенді жаңғырту қызметтерін көрсетпек.

Орталық қызметіне China Service Technology (Shandong) Co., Ltd. компаниясы жетекшілік етеді, ал оның Қазақстандағы өкілі ретінде CSTC Kazakhstan компаниясы жұмыс істейді.

Қазақстан мен Қытайдың энергетикадағы ынтымақтастығы: бірлескен жобалар қандай нәтиже береді
Фото: Kazinform


Жаңа орталықтың Қазақстан үшін маңызы қандай

Форумда жаңа кешеннің тиімділігі жөнінде ҚР Энергетика министрлігі Электр энергетикасы саласын дамыту департаменті құрамындағы бөлім басшысы Сұлтан Асылқанов мәлімдеме жасады. Алдымен ол екі елдің арасындағы байланысына және Қазақстанның алдағы мақсаттарына тоқталды.

Сұлтан Асылқанов
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Қазақстан мен Қытайды жан-жақты әрі берік стратегиялық әріптестік байланыстырады. Екіжақты ынтымақтастығымызда, әсіресе, энергетика саласы маңызды орын алады. Бүгінде энергетикалық жобаларды дамытумен қатар, технологиялық өзара іс-қимылға, жабдықтардың сенімділігін арттыруға және оларға техникалық қызмет көрсетуді жетілдіруге ерекше мән берілуде. Қазақстанның энергетика саласының алдында қолданыстағы қуаттарды жаңғырту, электр энергиясын өндіру тиімділігін арттыру және энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету міндеттері тұр. Осыған байланысты заманауи техникалық шешімдерге, сапалы сервистік сүйемелдеуге және жабдықтардың бүкіл қызмет ету мерзімі бойы қосалқы бөлшектердің қолжетімді болуына сұраныс артып отыр, — деді Сұлтан Асылқанов.

Сонымен қатар, оның сөзінше, ашылған орталық қазақстандық және қытайлық кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты дамытудың нақты мүмкіндігі болмақ. Нақтырақ айтқанда, сервистік қызметтерді Қазақстанда көрсетуге көшу, техникалық тәжірибе алмасу, жергілікті мамандарды даярлау және еліміздегі кәсіби құзыреттерді дамыту тәрізді мәселелерге баса мән берілмек.

Ал «Самұрық-Энерго» АҚ Өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ғалымбек Әутәліпов бүгінде Қазақстанның энергетика саласында ауқымды міндеттер орындалып жатқанын атап өтті. Оның мәлімдеуінше, өсіп келе жатқан экономиканы сенімді энергиямен қамтамасыз ету, генерациялайтын қуаттарды жаңарту, олардың тиімділігін арттыру және неғұрлым таза энергетикаға кезең-кезеңімен көшу қажет. Ал мұндай жағдайда жабдықтарға олардың бүкіл қызмет ету мерзімі бойы сенімді техникалық қызмет көрсетудің маңызы ерекше артады.

Ғалымбек Әутәліпов
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Қазақстанда энергетикалық жабдықтарды жетекші өндірушілердің құзыреттерін біріктіретін орталықтың ашылуы — салалық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам. Елімізде сервистік мүмкіндіктерді дамыту, кадрлар даярлау және тәжірибе алмасу бүкіл энергетика саласына оң әсерін тигізеді. Қытай Халық Республикасы — біздің бұрыннан келе жатқан сенімді серіктесіміз. Ал энергетика екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді, — деді Ғалымбек Әутәліпов.

Қытай тарапы қандай ұстанымда

Жоғарыда Жасыл энергетика жабдықтарына сервистік қызмет көрсету орталығы Циндао қаласындағы «Қытай — ШЫҰ» сауда-экономикалық институтыны жанынан ашылғанын жаздық. Жиынға аталған оқу орнының директоры Чжен Ши де қатысты. Ол баяндамасында екі ел арасындағы көп жылдан бері жалғасып келе жатқан жақсы қарым-қатынас жөнінде сөз қозғады.

Чжен Ши
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Дәл осы Қазақстанда 2013 жылғы қыркүйекте Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Жібек жолының экономикалық белдеуін құру бастамасын алғаш рет көтерді. Сондықтан Қазақстанмен ынтымақтастық біз үшін ерекше маңызға ие. Энергетика саласында біздің елдеріміздің өзара іс-қимыл жасауына берік негіз және бірін-бірі толықтыратын мүмкіндіктер бар. Біздің ортақ міндетіміз — осы әлеуетті кәсіпорындардың қажеттіліктерін өтейтін және екі елдің энергетика саласының дамуына ықпал ететін нақты жобаларға айналдыру, — деді Чжен Ши.

Оның сөзінше, жаңадан ашылған орталық саладағы нақты мәселелерді шешумен айналысады. Атап айтқанда, жасыл энергетикадағы серіктестік, құрылғылар мен технологияларды алмасу, қажеттілікке байланысты мамандар даярлау тәрізді шаруалар атқарылады.

Сөзімізді түйіндер болсақ, Жасыл энергетика жабдықтарына сервистік қызмет көрсету орталығы Қазақстандағы және электр станциялары мен энергетикалық кәсіпорындарға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, отандық мамандар аталған орталықта тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қытай «Қорғас» орталығындағы қауіпсіздікті күшейтетінін жазғанбыз.