Қазақстан мен Корея еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді

СЕУЛ. KAZINFORM — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Сеулге жұмыс сапары барысында Корея Республикасының Еңбек және жұмыспен қамту министрінің орынбасары Квон Чан Чжунмен, сондай-ақ Корея Республикасының СІМ Солтүстік-Шығыс және Орталық Азия істері департаментінің бас директоры Кан Ён Шинмен кездесті. Тараптар еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Қазақстан мен Корея еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғауминистрлігі

Келіссөздердің басында Асқарбек Ертаев шетелдік азаматтарды жұмыспен қамтуға рұқсат беру жүйесіне — Employment Permit System (бұдан әрі — EPS) — Қазақстанның қосылуына қатысты өтінішті қараудың алғашқы кезеңінде көрсетілген қолдау үшін корей тарапына алғыс білдірді.

Кездесу барысында келісудің келесі кезеңінің мерзімдері және EPS жүйесін іс жүзінде іске асыру жөніндегі әрі қарайғы қадамдар қарастырылды.

— Бірінші вице-министр оқу базасын құру, медициналық тексерулерді ұйымдастыру және EPS-TOPIK тестілеуін өткізуге жағдай жасау бойынша дайындық жұмыстарының аяқталғанын хабарлады. Алматы облысында кандидаттарды кәсіби даярлаудың қажетті көлемін қамтамасыз ете алатын үш оқу орталығы дайындалды. Медициналық тексерулер Қонаев қаласының көпсалалы қалалық ауруханасында жүргізіледі, ал EPS-TOPIK тестілеуі Алматыдағы Ұлттық тестілеу орталығының базасында өтеді, — делінген хабарламада.

Асқарбек Ертаев еңбек көші-қоны саласында Корея Республикасымен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, қол жеткізілген келісімдер Қазақстан азаматтары үшін заңды әрі қауіпсіз еңбек миграциясы арналарының дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Корея ғарыш саласындағы ынтымақтастықты нығайтып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар