Қазақстан мен Кореяның қаржылық ынтымақтастық жөніндегі келесі форумы екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасының 20 жылдығына арналады
Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Қазақстандағы капитал нарығын өзектендіру және Кореямен өзара әрекет ету жоспарын жетілдіру» тақырыбына арналған қаржылық ынтымақтастық жөніндегі ІІ форум барысында «Жібек жолы» қорының төрағасы Чой Дже Гын мәлім етті.
«Қазақстан мәдениет пен өнер саласындағы бай мұраға, айрықша адам ресустарына ие. Алып аумағы бар әрі табиғи ресустары да мол. Сонымен қатар Қазақстан үздіксіз серпінді экономика өсімін паш етіп, халықаралық қоғамдастықта өзіне жауапкершілік пен көшбасшылық рөл жүктеген Орта Азияның жетекші өкілі ретінде әрекет етуде», - деді қор төрағасы.
Бүгінгі алқалы жиын екі ел Үкіметтерінің қаржылық жүйелерін дамытуда тәжірибе алмасуға негіз болатындығына сенім білдірген ол: «Осы қаржылық форумның жалғасы 2012 жылы екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 20 жылдығына арналады», - деді.
Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда аталған қор 2010 жылдың желтоқсанында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ымен бірігіп, екі ел арасында қаржылық ынтымақтастық жөніндегі I форумды өткізген-ді. Онда G20 Саммитінің нәтижелері, Қазақстанда қаржылық қиындықтарды жеңуге бағытталған басты үлгілер, сондай-ақ Қазақстанда өзінің бизнесін дөңгелетіп отырған Корея корпорацияларын инвестициялауға қатысты қаржылық жағдай туралы жаңартылған ақпарат ұсынылған.