Қазақстан мен Кувейт екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ниетті

АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - 1-2 маусым күндері ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбайдың Кувейтке жұмыс сапары өтті.
None
None

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.

«2013 жылғы 1-2 маусым аралығында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай Кувейт мемлекетіне жасаған жұмыс сапары барысында Кувейт Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі шейх Сабах Халед Әл-Хамад Ас-Сабахпен келіссөздер өткізді», - делінген хабарламада.

Кездесу барысында Кувейт сыртқы саяси ведомствосының басшысы Кувейт тарапы Қазақстанның жоғары халықаралық беделін, сондай-ақ көпжақты және екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың болашақ әлеуетін ескере отырып, үстіміздегі жылдың аяғына дейін Астанада өз Елшілігін ашуды жоспарлап отырғанын және оның салтанатты ашылуын Кувейт Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі шейх Сабах Халед Әл-Хамад Ас-Сабах Қазақстанға ресми сапары барысында өткізуге ниетті екендігін жеткізді.

Сұхбат аясында тараптар Қазақстан мен Кувейт арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастық мәселелерін, атап айтқанда екіжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жолдарын талқылап, аймақтағы түйткіл сұрақтар бойынша ой бөлісті.

ҚР СІМ хабарлағандай, Қ.Сарыбай Кувейтке сапары шеңберінде сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық Қазақстан - Кувейт бірлескен ‎комиссиясының тең төрағасы, КМ Қаржы министрінің орынбасары Халифа Хамадамен, Кувейт араб экономикалық даму қорының (КАЭДҚ) Бас директоры Әбделуахаб Әл-Бадрмен кездесулер өткізді.

Олардың барысында елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру, үкіметаралық комиссияның кезекті, 3-отырысын үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Астанада өткізу және елімізге инвестиция тарту, кувейттік кәсіпкерлердің Қазақстан нарығына белсенді араласуы мен 2017 жылы Астанада өтетін «EXPO-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыруға атсалысу мәселелері талқыланды.

Соңғы жаңалықтар