10:46, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстан мен Қытай арасындағы құбыр желісі көлігімен өткізілетін энергия ресурстары бойынша ынтымақтастық жөніндегі заң жобасы Мәжіліске қайтарылды
АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай кеден шекарасы арқылы құбыр желісі көлігімен өткізілетін энергия ресурстарын кедендік бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңының жобасын талқылап,

құжатқа өзгерістер енгізілгендіктен жобаны Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы мемлекеттердің кеден қызметтерінің Қазақстан-Қытай кеден шекарасы арқылы құбыр желісі көлігімен өткізілетін энергия ресурстарын кедендік рәсімдеу және кедендік бақылау мәселелері жөніндегі ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында әзірленген.
Оның ішінде өткізілетін энергия ресурстары туралы, энергия ресурстарын өткізу кезінде кеден ісі саласындағы ұлттық заңнамаларды бұзудың анықталған фактілері туралы ақпарат алмасу көзделеді. Заң жобасын қабылдау екі мемлекеттің кеден қызметтері уәкілетті қызметкерлерінің энергия ресурстарына бірлескен кедендік бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Құжатты талқылау барысында Сенат депутаттары Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізді. Бұл түзетулер негізінен жобаның мемлекеттік тілдегі тақырыбына және мәтіндегі техникалық сипаттағы қателерге байланысты болып отыр.
Сондай-ақ осы түзетулер бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігі Қытай тарапына арнайы нота жіберген.