Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген «Композитор» фильмі жарыққа шығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қытай режиссерлері бірлесе түсірген «Композитор» көркем фильмі прокатқа шыққалы жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көркем лента қытайлық композитор Си Синхайдың Совет одағына, оның ішінде Алматыға эвакуацияланған кезі мен танымал қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовпен достығы туралы баяндайды. Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және қытайлық «Shineworks Pictures», «China film coproduction corporation» компаниялары бірге түсірген.

«Екі ел композиторларының достығы туралы бұрыннан белгілі. Мен өзім музыкантпын. Консерваторияда оқығанмын. Бала кезден осы екі ұлы композитордың достығынан хабарымыз болды. Си Синхай Алматыға көшіп келген кезде оған бірінші болып қол ұшын созып, қолдау көрсеткендердің бірі - біздің Бақытжан Байқадамов еді», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Фильмнің тұсаукесері 17 мамыр күні «Қазақстан» концерт залында өтеді. Оған шығармашылық ұжым мүшелері, қоюшы-режиссер, сценарист, ҚР Кинематографистер одағының мүшесі Сәбит Құрманбеков, актерлер Берік Айтжанов, Аружан Жазылбекова, Hu Jun қатысады.

Еске сала кетсек, жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға барған кезінде «Shinework Pictures» кинокомпаниясының басшысы Джонатан Шень ҚР Тұңғыш Президентіне «Композитор» фильмі жазылған дискіні сыйға тартқан болатын.

Соңғы жаңалықтар