Қазақстан мен Қытай инновация саласындағы өзара ынтымақтастықты күшейтеді

Кездесу барысында тараптар өнеркәсіп, сауда, инновация, мәдениет және білім салаларында екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті үлкен екендігін атап өтті.
Сондай-ақ, Алматы әкімдігінің басшылығы Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас тұрақты сипатқа ие екенін жеткізді.
Айта кетелік, бүгінгі таңда тек Алматы қаласының өзінде 69 бірлескен және қытайлық капиталдың қатысуымен 170-тен астам астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Осы компаниялардың қызметі арқасында Алматы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2016 жылдың қаңтар айында 100 млн. АҚШ долларына жетті.
Өз кезегінде Гань Жункун мырза Хубэй провинциясының орталығы - Ухань қаласынан Қазақстанға және Қазақстан арқылы Еуропа елдеріне тауарлық пойыздардың қатынауы екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізетіндігін атап өтті.
Бұдан басқа, ынтымақтастық мәселесін талқылай келе, қытайлық делегация жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастыққа ерекше тоқталды.
Мысалы, Қытай Үкіметі 1991 жылы жоғары технологияны дамыту мақсатында бүкіл елде жоғары технологиялар паркін құру туралы шешім қабылдаған. Ал бүгінде Қытайда мұндай парктердің саны - 130-ға жетті. Сондықтан, қытайлық делегация Алматы әкімдігінің басшылығына инновация саласындағы ынтымақтастықты күшейтуді ұсынды.
Кездесу соңында Алматы әкімдігінің басшылығы қытайлық делегацияны Алматы қаласының 1000 жылдығын мерекелеу шараларына және 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиада ойындарын тамашалауға шақырды.