Қазақстан мен Қытай СІМ басшылары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Келіссөздер барысында ҚР мен ҚХР-дың сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы мен халықаралық институттар аясындағы өзара әрекеттестік, сонымен бірге, аймақтық және халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша конструктивті диалог өткізді. Күн тәртібінде қаралған маңызды мәселелердің бірі ретінде мамыр айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары мен оның АӨЫСШ саммитіне қатысуы сөз болды. ҚХР СІМ басшысы Ван И кездесу басында қытай тарапы Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылауға ниетті екенін атап айтты. «Біз екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуына жаңа серпін беру үшін Президент Назарбаевтың Қытайға жасайтын мемлекеттік сапарына байланысты сұрақтарды талқылауға дайынбыз», - деді Ван И. Қытай сыртқы саяси ведомствосының басшысы қазіргі уақытта халықаралық және аймақтық жағдайда жаңа өзгерістер болғанын атап өтті. «Стратегиялық серіктестер ретінде ортақ мүдделерімізді қорғауда, аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде сенімді байланыс орнатып, қолдауға әзірміз», - деп атап өтті ол. Өз кезегінде, ҚР СІМ басшысы күн тәртібіндегі мәселелерді ескере отырып, бұл сапардың маңыздылығын атап өтті. «Күн тәртібі өте ауқымды, дегенмен оның жоспары жақсы, әрі конструктивті. Екі ел арасындағы қарым-қатынаста ешқандай кілтипан жоқ, өзара әрекеттестік пен ынтымақтастық үшін жол ашық», - деп атап өтті Е.Ыдырысов. Кездесу қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Қытайдың сыртқы саяси ведомстволарының басшылары ҚР СІМ мен ҚХР СІМ арасындағы 2014-2016 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.