Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық бағдарламаларының мақсаттары мен міндеттері ұқсас - ҚР-дағы ҚХР елшісі Чжан Ханьхой
- 2014 жылғы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты қорытындылап өтсеңіз?
- Алдымен, «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігіне сұхбат беруге мүмкіндік туғаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ, ҚазАқпараттың ұжымы мен оқырмандарын Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Қытай елшісі ретінде Астанаға келген сәттен бастап, бұл менің қазақстандық БАҚ-қа берген алғашқы сұхбатым.
2014 жылды Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жемісті жылы деуге болады. Өткен жылы екіжақты сапарлар өте жоғары деңгейде ойдағыдай ұйымдастырылды. 2014 жылғы мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР-ға мемлекеттік сапармен келіп, Шанхайда өткен АӨСШК саммитіне қатысты. Аталған сапар барысында екі ел көшбасшылары келіссөздер өткізіп, табысты уағдаластыққа қол жеткізді.
Таяуда ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян Қазақстанға ресми сапармен келді. Келіссөздер нәтижесінде тараптар 30 құжатқа қол қойды. Мұндай жоғары деңгейде өткен кездесулер өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға, тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдемдесетіні сөзсіз.
Өткен аптада Бейжіңде Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешов және Даму және реформа жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы Сюй Шаошимен келіссөз өткенін атап өткім келеді. Кездесу барысында тау-кен-металлургиялық сала, мұнай-химия, машина жасау, құрылыс материалдары өндірісі, көлік инфрақұрылымы және энергетика саласындағы жобалар талқыланды. Таяу уақытта 16 жобаны іске асыруға болады. 50-ден астам жоба зерделеу сатысында. 2015 жылдың басында тиісті консультатция жүргізу үшін Қазақстанға қытайлық делегацияның жауапты сапары жоспарланған.
- Екіжақты ынтымақтастықтың келешегі жайлы не айтасыз? Қай салаға баса мән беру орынды деп санайсыз?
- 2014 жылы жаһандық экономика қарқынының құлдырауына байланысты екіжақты тауар айналымы біршама төмендеді. Алайда, соған қарамастан ынтымақтастық сапалы деңгейге көтерілді.
Қазақстан - Қытайдың сыртқы саясаты үшін ерекше басымдыққа ие. Қазір екі ел арасында қатынастарды одан әрі тереңдету үшін қуатты іргетас қаланды. Бұл «Батыс Қытай - Батыс Еуропа», Еуразиялық құрлық көпірі, мұнай-газ құбырлары, «Қорғас» кеден бекеті. Бұл бірлескен жобалар табысты жұмыс атқаруда.
Келешекте Қытай Қазақстанға көлік инфрақұрылымын салуға, жаңғыртуға және бірлескен өндірістік желілерді реттеуге қатысуды жоспарлап отыр.
Мысалы, ҚХР-да АЭС-ті үшінші буыны құрылысының технологиялары бар. Бірлескен ядролық отын өндірісін Қазақстанға орнату үшін тығыз ынтымақтастыққа қол жеткізгіміз келеді. Сауда саласының да келешегі зор. Сондықтан, қазақстандық өнімді терең қайта өңдеу өндірісі бойынша бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлаудамыз, кейіннен ол Қытайға жеткізілетін болады.
Бұдан басқа, Қытай жоғары жылдамдықты қоса алғанда темір жолдар құрылысы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі, себебі Қазақстанның көлік-логистикалық қызметтерді дамытуда әлеуеті зор. Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстан Қытай тауарларын Еуропаға жеткізу үшін ең тиімді аймақ саналады. Келешекте ЕО-ға жеткізілетін тауарлардың жартысынан көбі Қазақстан аумағы арқылы тасымалданатын болады.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мол. Қазақстан жарамды, пайдалы жерге бай өлке болса, Қытайдың озық технологиялары мен қаржысы бар. Ең бастысы, ынтымақтастық өзара тиімді болып, Қазақстан халқының мүддесі ескерілу қажет. Біз де Қазақстан экономикасының ойдағыдай дамуына шын жүректен тілектеспіз.
Ынтымақтастықтың жемісін көру үшін алдымен өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздік аса маңызды. Қытай қазіргі уақытта АӨСШК-ке төраға ел саналады. Біз бұл Форумды Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше орны болу үшін дамудың барынша жоғары деңгейіне шығаруға ниеттіміз.
Сондай-ақ, үш қастандық ошағымен (лаңкестік, сепаратизм жәнеи экстремизм), есірткі тасымалы мен трансшекаралық қылмыспен күрес саласындағы ынтымақтастықты екіжақты форматта да, ШЫҰ аясында да нығайта түсуіміз қажет. Өңірде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету - елдердің табысты экономикалық дамуының маңызды негізі болмақ.
- Соңғы уақытта ҚХР-дың ресми БАҚ-тарында қытай экномикасы жайында «жаңа норма» деген сөз тіркесі жиі қолданылатын болды. Ол нені білдіреді?
- Қытай «Жаңа норма» жаңа экономикалық саясатын енгізіп жатыр. Бұл ҚХР басшылығы ішкі және сыртқы саясатына өзгерістер енгізетінін білдіреді. Елдегі реформалар мен ашықтық саясатын іске асырған 30 жылдан астам уақыт аралығында жылына 10 пайыздан астам дамудың ең жоғары қарқыны сақталып келді. Осының арқасында Қытай жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Алайда бүгінде одан әрі үдемелі, ұзақ уақыттық экономикалық дамуда елеулі қиындықтар туындауда. Біз Қытай экономикасының келешектегі даму үлгісін өзгертуге ниеттіміз. Егер бұрын ҚХР төмен өзіндік құн, инфрақұрылымға қомақты инвестиция құю есебінен жоғары экономикалық өсім қарқынына қол жеткізсе, енді қазір мұндай үлгіні қолдай алмаймыз. Өйткені, ол табиғи ресурстардың түгесілуіне, қоршаған ортаның ластануына әкеледі.
Қытай экономиканы қайта құрылымдау мен саналы өсім қарқынын қолдау арасындағы теңгерімді іздестіру үстінде. Экономика өсімін 7-8 пайыз деңгейінде сақтап қалуды жоспарлаудамыз. Қытай инновация және жаңа технологиялар енгізу есебінен экономикалық өсімді қамтамасыз ететін болады. Үш жыл аралығында Қытай ел ішінде берілген де, шетелде тіркелген де зияткерлік меншікке патенттің абсолютті саны бойынша әлемде бірінші орында тұр. Егер бұрын «Қытайда жасалған» деп айтса, енді қазір «Қытайда құрылған» деп жиі айтылып жүр.
Осының бәрінен біздің сыртқы саясатымыз туындайды. Қытай «бейбіт даму» жолын, көрші елдермен, оның ішінде Қазақстанмен достастық қатынастарды нығайтуды көздейді.
2013 жылы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға келген сапары барысында алғаш рет «Жібек жолы экономикалық белдеуін» бірлесіп салу бастамасын қозғаған. Бұл - айтулы оқиға. 2014 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық саясатын ұсынды. Яғни, Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық бағдарламаларының мақсаты мен міндеттері ұқсас.
Біз, дипломаттар үшін басты міндет - ағымдағы экономикалық жағдай арасындағы түйісу нүктесін табу. Менің ойымша, экономикасы жағынан әлемде екінші орында тұрған Қытай және онымен көрші Қазақстан үшін өзара тиімді жұмыс жүргізуге орасан мүмкіндік бар. Қазақстан мен Қытай - ортақ тағдыр, ортақ мүдде қауымдастығы болатынына сенімдімін.
- Қазақстан теңгені тікелей долларға тәуелділіктен айырып, мультивалюталық себетке көшті. Юаньды әлемдік резервтік валюта ретінде пайдаланудың келешегі қандай?
- Қытайда мынадай нақыл сөз бар. «Барлық жұмыртқаны бір себетке салып қоюға болмайды». Америкалық доллар жайында да осыны айтар едім. Әлемде тек бір валюта үстемдік етсе, мысалы, АҚШ доллары, кейбір халықаралық қорлар шу көтереді, сөйтіп, басқа елдердегі қаржы-экономикалық жағдайды қиындатады - мұны «долларлық гегемонизм» деп атайды. Осыған байланысты біз көп полярлы қаржы әлемін салу жайлы ойлануымыз қажет. Қазіргі уақытта экономикалық ауқым және халықаралық ықпал бойынша қытай юані (жэньминьби) Қытайдан тыс жерлерге шығарылған. Лондонда, Майндағы Франкфуртте, Австралия мен Оңтүстік Кореяда юаньмен халықаралық орталықтар жұмыс істеп жатыр.
Біздің елдер арасында қаржы және валюта саласында ынтымақтастықты кеңейту үшін негіз бар. ҚХР мен ҚР ұлттық валюталармен және юань-теңге своп-операция бойынша өзара есеп айырысу келісімін жасады. Қазақстанда таяу уақытта юаньмен сауда жасасу өңірлік орталығын құру идеясын іске асыру қажеттілігі бар деп санаймын.