Қазақстан мен Латвия арасындағы тауар айналымын екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік бар - С.Ахметов

Бұл туралы бүгін елордада өткен қазақстандық-латвиялық бизнес форум барысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов айтты.
«Бірінші кезекте бизнес инвестициялық және сауда-экономикалық қарым-қатынастарды белсендіруге мүдделілік танытатындығына сенімдімін. Балтық бойындағы басқа елдермен салыстырғанда біздің Латвиямен арадағы сауда-экономикалық айналымымыз өте жоғары. Шынайы санды алар болсақ ол шамамен 350 млн. долларды құрайды. Әрине, бұл бізді қанағаттандырмайды»,-деді Үкімет басшысы.
С. Ахметовтің атап өтуінше, қолдағы бар мүмкіншіліктер мен әлеуетті пайдалана отырып, бұл көрсеткішті екі есеге ұлғайтуға болады. Өйткені қазіргі таңда елімізде 130-ға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. Сондай-ақ, Қазақстанда екі елдің кәсіпкерлері бірлесіп жұмыс істей алатын салалар да жеткілікті.
«Латвия Еуропаның дәл ортасында орналасқан. Сондықтан жаңа технологиялар трансфертін қолдану мүмкіншілігі бар»,-деді ол.
Бұл ретте ҚР Премьер-Министрі шикізатқа технология айырбасы ұстанымын әр кезде де қолдану қажеттігін баса айтты.