Қазақстан мен Люксембург Сыртқы істер министрлері виза мәселесін талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Сыртқы және еуропалық істер жөніндегі министрі Жан Ассельборн екі ел азаматтары үшін виза режимін жеңілдету мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың өрісін кеңейту перспективалары айтарлықтай деп санаймыз. Осы орайда, біз бүгін мәртебелі қонағымызбен екі ел азаматтарының өзара еркін қатынауына жағдай туғызу үшін визалық мәселелерді де талқыладық. Люксембург азаматтары басқа еуропалықтармен қатар Қазақстанға туристік немесе іскерлік виза рәсімдемей келе алады. Бұл жерде әділетті болуымыз керек сияқты. Шенген келісіміне Люксембург аумағында қол қойылғанын ескеріп, Ассельборн мырзадан Еуропа Одағымен Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді либерализациялау мәселесі төңірегінде басталатын ресми консультацияға қолдау көрсетуді сұрадым. Жалпы, Люксембург біздің еуропалық институттармен диалогымыз аясында «қолдаушыларымыздың» бірі болып қала береді деп сенеміз. Оның үстіне, мұндай құрылымдардың бір бөлігі Люксембургтің өзінде орналасқан», - деді министр келіссөзден кейінгі брифингте.

Сонымен қатар Мұрат Нұртілеу Ассельборн мырзаға келіссөз барысында саяси диалогты, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге деген Қазақстан ниетін қолдап, оны екі ел үшін ортақ мақсат деп қуаттағаны үшін алғыс айтты.

«Министр Ассельборнмен тығыз жұмыс істеуге дайын екенімді растаймын және екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге бірлесіп күш салатынымызға сенімдімін», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар