Қазақстан мен Мажарстан халықаралық деңгейде бірлесе жұмыс істеуге келісті

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемде түрлі қақтығыстардың көбеюі Қазақстанды да, Мажарстанды да алаңдатады. Бұл туралы Ақордада елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қазақстан мен Мажарстан халықаралық деңгейде бірлесе жұмыс істеуге келісті
Фото: Ақорда

— Аймақтық және жаһандық маңызы бар өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Әлемдегі геосаяси ахуалдың ушығуы, түрлі қақтығыстардың көбеюі екі елді де алаңдатады. Біз барлық түйткілді БҰҰ Жарғысына сәйкес бейбіт және саяси дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Осы ретте халықаралық деңгейде бір-бірімізге қолдау білдіріп, бірлесе жұмыс істеуге келістік, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер жемісті болғанын баса айтты.

— Қазақстан мен Мажарстан арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатыр. Өзара тиімді ықпалдастығымыз жаңа әрі сапалы деңгейге көтеріледі деп сенеміз. Қол жеткізілген барлық келісімдер ойдағыдай орындалатынына күмәнім жоқ. Бауырлас халықтарымыздың ынтымағы берік болсын, елдеріміз өсіп-өркендей берсін, — деді Президент.

 

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев мажарлық әріптесімен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті мажарлық кәсіпкерлерге толық қолдау көрсетілетіндігін айтқан болатын.

Сонымен қатар Қазақстан мен Мажарстан өзара тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізбек.

Соңғы жаңалықтар