Қазақстан мен Мажарстан өзара тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізбек
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Мажарстан энергетика, атом өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы сияқты түрлі бағыттағы ықпалдастықты арттыруға уағдаласты.

Бұл туралы Ақордада елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Жаңа ғана жоғары мәртебелі Тамаш Шуйок мырзамен кеңейтілген құрамда мазмұнды келіссөздер жүргіздік. Ықпалдастығымызды күшейтудің жаңа бағыттары туралы әңгімелестік. Сауда-экономика саласындағы байланысымызды дамыта түсу қажеттігіне баса назар аудардық. Былтыр екі елдің алыс-беріс 200 млн доллар шамасында болды. Келешекте оны 1 млрд долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Мажарстан соңғы 20 жылда еліміздің экономикасына 385 млн доллардан астам инвестиция салды. Mol компаниясы Қазақстанның газ саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Күн тәртібінде тағы басқа ауқымды жобалар бар, — деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізде табысты жұмыс істеп жатқан өзге де мажарлық компаниялар бар екенін атап өтті.
— Қазіргі таңда 20 ортақ жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Ынтымақтастығымыз стратегиялық мағынаға ие болды. Біз инвестициялық қарым-қатынастарымызды одан ары кеңейтуге мүдделіміз. Осы ретте энергетика, атом өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы сияқты түрлі бағыттағы ықпалдастығымызды арттыруға уағдаластық. Сондай-ақ халықаралық көлік дәліздерін, логистика инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын атап өттік, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев мажарлық әріптесімен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті мажарлық кәсіпкерлерге толық қолдау көрсетілетіндігін айтқан болатын.