Қазақстан мен Моңғолия $62,6 млн-ға экспорттық келісім жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Моңғолиямен бір күнде $62,6 млн көлемінде экспорттық келісімшарттарға қол қойды.
Қазақстандық компаниялар Ұлан-Батырдағы бизнес-миссия барысында Моңғолиямен жалпы сомасы $62,6 млн болатын экспорттық келісімшарттарға қол қойды. Қазақстан делегациясын Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова бастап барды.
— Біз Моңғолияны экспорт үшін өте перспективалы нарық деп санаймыз. Қазірдің өзінде дайын өнімдердің үлесі жоғары, бизнес тарапынан нақты қызығушылық бар, — деді Айжан Бижанова Ұлан-Батырдағы бизнес-форумда.

2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы үш есеге өскен. Моңғолияға экспорттың 90%-дан астамы дайын өнімдер, яғни шикізат емес тауарлар. Оның ішінде азық-түлік пен өнеркәсіп тауарлары басым. Бұл Қазақстан экспортының жоғары қосылған құны бар өнімдерге ауысып жатқанын көрсетеді.
Вице-министрдің айтуынша, ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімі де жаңа мүмкіндіктер ашады. Құжат 367-ге жуық тауарға қатысты. Ол күшіне енгеннен кейін бұл өнімдерді жеткізу жеңілдейді. Соның арқасында қазақстандық экспорттаушыларға Моңғолия нарығына шығу оңай болады.
— Қазір келісімді күшіне енгізу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жақын уақытта іске асады деп күтеміз. Бұл отандық компаниялар үшін экспортты ұлғайтып, Моңғолиямын бірлескен жобаларды іске қосуға жол ашады, — дейді Айжан Бижанова.

Келесі қадам — Қазақстанның транзит мүмкіндіктерін пайдалану. Бұл Моңғолияға жүк жеткізуді жылдамдатып, жаңа бағыттарға шығуға жол ашады. Соның ішінде ЕАЭО, Кавказ, Түркия және Еуропа нарықтары бар.
Сауда миссиясы Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың Қазақстанға сапары қарсаңында өтіп жатыр.
Айта кетелік Моңғолия нарығына Қазақстан тауарларын экспорттау жеңілдегені туралы жазған едік.