Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда айналымы екі есе өседі

АСТАНА. KAZINFORM — Қос мемлекеттің жан-жақты серіктестігі қарқынды күшейіп келеді. Бұл жөнінде Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов Қазақстан-Моңғолия бизнес форумында мәлімдеді. 

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда айналымы екі есе өседі
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 140 млн долларға жуықтады. Жыл сайын қарым-қатынасымыз дамып келеді. Бүгінгі бизнес форумға қос мемлекеттен көптеген компания өкілдері қатысып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта сауда айналымы екі есеге ұлғаюы мүмкін, — деді ол журналистерге сұхбат бере отырып.

Сонымен қатар, Мұрат Қарымсақов қос мемлекеттің бір-біріне салған инвестициясына тоқталды.

— 2025 жылы Қазақстан Моңғолия экономикасына 50 млн доллар шамасында тікелей инвестиция құйды. Ал Моңғолия тарапының елімізге салған инвестициясы 7 млн доллар болды, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мал ауруына қарсы вакциналарын Моңғолияға жеткізуге мүдделі екенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар