Қазақстан мен Моңғолия арасындағы жол қашықтығы 800 шақырымға дейін қысқарады
ҰЛАНБАТЫР. KAZINFORM – Қазақстан мен Моңғолия көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Моңғолияға жасаған ресми сапарында осы елдің Жолдар және көлік министрі Борхуугийн Дэлгэрсайханмен кездесті.

Тараптар Қазақстан мен Моңғолияның тығыз географиялық байланысына назар аударып, теміржол және автокөлік, азаматтық авиация, сондай-ақ автожол инфрақұрылымын дамыту сияқты өзекті ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
− Әсіресе министрлер «Қазақстан-Ресей-Моңғолия» автожолын салу жобасына ерекше назар аударды. Бұл жоба екі ел арасындағы жол қашықтығын 800 шақырымнан астамға қысқартып, өзара тауар айналымын 500 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, − деп жазылған ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Автомобиль және теміржол жүк тасымалы салаларындағы оң динамика байқалады. Кездесуде қазақстандық астық және майлы дақылдар, сондай-ақ локомотивтер мен жолаушылар вагондарын қоса алғанда көлік машина жасау өнімдерін жеткізу арқылы экспорттық-импорттық тасымалдарды арттыру мәселесі де талқыланды.
Қазақ тарапы бірлескен жобаларды іске асыру Моңғолияға Транскаспий халықаралық көлік бағдарына және Қазақстан аумағы арқылы өтетін ірі еуразиялық логистикалық дәліздерге шығуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Сонымен бірге, екі ел министрлері биылғы шілде айында Қытайда Қазақстан, Моңғолия және Ресей көлік министрлерінің үшжақты кездесуін өткізуге дайын екендіктерін растады.

Азаматтық авиация саласында тараптар Астана-Өлгий-Ұлан-Батыр бағытындағы тікелей рейстер географиясын кеңейтуге дайын екенін айтты. Бұл іскерлік және гуманитарлық байланыстардың дамуына ықпал ететін болады.
Айта кетейік, келер жылы Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанға сапармен келеді.
Қазақстан мен Моңғолияның Сыртқы істер министрлері көлік-логистика саласындағы кедергілер мен қиындықтарды жою, жаңа көлік бағыттарын құру, әуе рейстерінің санын арттыру, азаматтар арасындағы өзара сапар ағынын көбейту, импорт пен экспорт көлемін ұлғайту, сондай-ақ кәсіпкерлерге қолайлы іскерлік орта қалыптастыру бағытында бірлескен жұмыс жүргізуге уағдаласты.
Ресми сапар аясында Моңғолиядағы қазақ диаспорасына 5 мың дана кітап жеткізілді.
Кеше Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың қабылдауында болды.