Қазақстан мен Моңғолия: мыңжылдық тарих пен жаңа кезеңнің ұштасуы

Моңғолия
Коллаж: Canva

28-29 қазан күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға мемлекеттік сапармен барады. Мемлекет басшысы Президент Ухнаагийн Хурэлсухпен келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен және Премьер-министр Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэмен кездеседі. Мыңдаған жылдарға созылған тарихи байланысы бар екі халықтың қазір түрлі саладағы қарым-қатынасы жақсы деңгейде. Екі ел басшысының кезекті кездесуінде саяси және экономикалық байланыстарды нығайту жайы талқыланып, бірқатар келіссөз өтуі мүмкін. Осы орайда Kazinform тілшісі екі мемлекеттің әлеуетін шамалап көрді.

30 жылдан асқан саяси байланыс 

Әрине, екі халықтың тарихи һәм мәдени байланыстарын мыңдаған жылдарға созуға болады. Дегенмен ресми дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 22 қаңтарда орнады. 1997 жылы мамыр айында Ұланбатырда Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясы ашылды. Ал 10 жылдан кейін, 2007 жылы қаңтарда Дипломатиялық миссия Қазақстанның Елшілігіне айналды.

Өз кезегінде Моңғолия Елшілігі Алматыда 1992 жылы қыркүйекте ашылғанын айта кетейік. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2006 жылы еліміздің Сыртқы істер министрі ретінде және 2013 жылы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары ретінде Моңғолияға екі рет ат басын бұрған.

1991 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін екі елдің арасында 40-тан астам халықаралық келісімдер мен шарттарға қол қойылды. 2019 жылы 10-12 қазанда Моңғолияның Премьер-министрі У.Хурэлсухтің Қазақстанға ресми сапары көлемі жағынан зор, мәні жағынан терең де мағыналы сапар болды. Осы сапар барысында көп жылдардан бері қордаланып келген екіжақты қатынастардағы өзекті мәселелер шешіліп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты қамтыған көптеген салаларды бірлесіп алға жылжыту жөніндегі уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі Б.Батцэцэгтің 2021 жылы 11-12 қазанда елордада Азиядағы өзара іс-қимылдар және сенім шаралары кеңесінің Сыртқы істер министрлерінің кезекті мәжілісіне қатысуы, әсіресе 13-14 қазанда Қазақстанға тұңғыш ресми сапар жасауы екіжақты қатынастардың барлық бағыттарындағы өзара әрекеттестіктің жан-жақты дамуына ерекше сипат берді.

Сол уақытта Моңғолияның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен табысты кездесу өткізіп, еліміздің бірнеше министрлігімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Қазір Қазақстан-Моңғолия сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия өз жұмысын жемісті атқаруда. Үкіметаралық келісімнің негізінде жыл сайын екі мемлекет тәжірибе жинау мақсатында студенттерді алмастырып, оқытып отырады.

Сауда-саттықтың дамуы

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы 2024 жылдың қаңтар-тамыз айлары арасында 83,9 млн долларға жеткен. Оның басым бөлігі Қазақстан экспортының үлесінде – 83,3 млн доллар. Ал Моңғолия тарапы 586,1 мың долларға тауар жеткізген.

Моңғолия
Инфографика: Kazinform

 

Енді Қазақстан Моңғолияға қандай тауарлар жөнелткеніне келсек. ҚР Сауда министрлігінің дерегіне үңілсек, еліміз

  • · телефон аппараттарын (39,3 млн доллар)
  • · темекі өнімдерін (17,6 млн доллар)
  • · шоколад және құрамында какао бар өзге дайын өнімдері (3,2 млн доллар)
  • · майшабақ, йогурт, айран (2,5 млн доллар)
  • · нан және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер (2,1 млн доллар)
  • · есептеу машиналарын (2,1 млн доллар)
  • · цианидтер (1,9 млн доллар)
  • · сығындылар, эссенциялар, кофе, шай, мате концентраттарын (1,8 млн доллар)
  • · мұнай өнімдерін (939,8 мың доллар) тасымалдаған.

Моңғолия елі Қазақстанға

  • · почта маркалары, елтаңбалық қағаз, ұсақ бағалы қағаздар (360,1 мың доллар)
  • · шұлық (51,6 мың доллар)
  • · центрифугалар, сұйықтықтарды немесе газдарды сүзуге арналған жабдықтар (27,2 мың доллар)
  • · свитерлер, пуловерлер, кардигандар, кеудешелер (15,8 мың доллар)
  • · тоқылған кілем мен еден жабындарын (12,7 мың доллар) жеткізген.

Алдағы уақытта екіжақты тауар айналымы ұлғаюы мүмкін. Биыл шілде басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен кездесуінде еліміздің Моңғолияға шикізаттық емес тауарлар бойынша экспорттық әлеуеті шамамен 100 миллион долларды құрайтынын, келешекте екі елдің тауар айналымын 500 миллион долларға жеткізуді мақсат ету керегін айтқан болатын.

Сондай-ақ осы жылы Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Моңғолияның ветеринария бас басқармасының өкілдерімен кеңесіп, асыл тұқымды қойларды экспорттау мәселесін талқылады.

Бұған қоса, Солтүстік Қазақстанда орналасқан аграрлық сала экожүйесіне мамандандырылған техника өндірісімен айналысатын «Avagro» зауыты Моңғолияға техника тасымалдаудың жолдарын қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Мәдени қарым-қатынас

2020 жылы Моңғолияда өткен ресми санақ бойынша, сол елде 121 мыңға жуық қазақ өмір сүріп жатқаны анықталды. Яғни, саны жағынан қазақтар моңғолдардан кейінгі екінші орында тұр. Екі ел азаматтары бір-біріне еркін бара алады. Қазақстан азаматтары Моңғолияда 90 күнге дейін визасыз жүруге мүмкіндік алған. Бұл – Қазақстан мен Моңғолия азаматтары арасында тарихи байланыстың барын анық көрсетеді. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Асқар Нұршаның айтуынша, екі елдің қарым-қатынасын жандандыруға әлеует зор

– Қазақстан мен Моңғолияны қарым-қатынастың ұзақ тарихы байланыстырады. Біздің елдеріміз бен халық арасындағы өзара іс-қимыл ғасырлар бойы қалыптасқан және өзара құрмет пен мәдени жақындыққа негізделген. Географиялық жақындығына қарамастан, екіжақты әлеует толық пайдаланылмаған деп санаймын. Оларды арттырудың жаңа және тиімді жолдарын табудың уақыты келді, – дейді сарапшы.

Айшолпан
Фото: Айшолпан Нұрғайыпқызы

 

Бұдан бөлек, Моңғолиядағы қазақ диаспорасының балаларына 2003 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі 9600 дана оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтар берген. Моңғолияда білімді, әр алуан мәдениетті, көп тілділікті әрі қарай дамыту үшін ЮНЕСКО-ның халықаралық кластерлі жобасының шеңберінде Баян-Өлгей аймағының орталық кітапханасына ҚР Ұлттық кітапханасы 2006 жылдың наурызында гуманитарлық акция ретінде кітаптар жөнелткен. Моңғолия аумағындағы көне түрік ескерткіштерін зерттеу және тарихи-этнологиялық жұмыстарды іске асыру үшін Қазақстандағы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты жыл сайын этноархеологиялық экспедицияларды ұйымдастырып келеді.

Соңғы жаңалықтар
telegram