Қазақстан мен Нидерланд университетінің ғалымдары бірлесіп Қаңлы мұрасын зерттеп жатыр
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Археологиялық орталығы Нидерландтың Лейден университеті ғалымдарымен бірлесіп қазба жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті.

Ведомствоның мәліметінше, халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясында Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Қараспан ауылы маңында орналасқан Төлебайтөбе-2 қорымдары зерттелді.

— Қазба жұмыстары барысында б. з. д. I ғасыр мен б. з. IV ғасырына жататын Қаңлы кезеңіне тән обалар аршылды. Оба ішінен ақсүйек көшпенді жауынгердің жерленгені анықталды. Бұл — қабірден табылған жебе ұштары, тұрмыстық пышақ, ат әбзелдері (ауыздық), белдік тоғалары мен әшекей бұйымдар арқылы дәлелденіп отыр. Ерекше назар аударарлығы — үлкен хұм ыдысының бөліктері қабір ішіне төселген және мәйіт ағаш табыттың үстіне қойылып жерленген. Ағаштың жақсы сақталған бөліктері мен жебелердің сабындағы жіп ізі жерлеу рәсімінің күрделілігін көрсетеді. Алебастр гипстен жасалған бойтұмарлар сол замандағы наным-сенім бойынша зұлым күштерден қорғаушы ретінде қойылған. Сондай-ақ жылқының азу тісі, келесі обадан төмен температурада бағалы металлдарды балқытуға арналған, ғылыми айналымда «тигел» деп аталатын сирек кездесетін керамикалық ыдыс табылды. Бұл — сол кезеңдегі металл өңдеу технологиясына қатысты маңызды жаңалық, — делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, обалар ежелгі дәуірде бірнеше рет тоналғанына қарамастан бүгінгі қазба жұмыстары нәтижесінде маңызды деректер мен жәдігерлер табылып отыр. Зерттеу жұмыстарына арнайы меморандум аясында «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері де қатысты.

Лейден университетінің антрополог жас ғалымы Полина Колмогорова бұл зерттеу жұмыстары Қазақстанның көне тарихының ашылуына, Қаңлы кезеңінің мәдениеті мен салт-дәстүрін тануға үлес қосатынына сенім білдіріп, археологиялық зерттеулерді алдағы уақытта да жалғастырмақ.
Еске сала кетейік, бұған дейін алматылық археологтер сақ дәуіріне тиесілі алтын жүзік тапқан еді.