Қазақстан мен Нидерланды ғарыш, ауыл шаруашылығы және экология саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
Атап айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрі Е. Ыдырысов пен Нидерланды ғарыш кеңсесінің директоры Гер Ньюпорт ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі мен Нидерланды ғарыш кеңсесінің ғарыш саласындағы ынтымақтастығы жөнінде келісімшартқа қол қойды.
Сондай-ақ, «Назарбаев Университеті» президенті Шигео Катсу мен HTC Eindhoven басқарушы директоры Франс Шметц «Назарбаев Университеті» мен ХАЙ ТЕХ КАМПУС ЭЙНДХОВЕН арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
ҚР Сыртқы істер министрі Е. Ыдырысов пен Нидерланды ауыл шаруашылығы министрі Шарон Дайксма ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Нидерланды Корольдігінің экономикалық істер министрлігі арасында ауыл шаруашылығы саласы бойынша Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсілов пен PBLQ Голландтық мемлекеттік басқару институтының бас директоры Л.Смит арасында екі институттың ынтымақтастығы жөнінде Келісімге қол қойылды.
Сонымен қатар ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров пен Нидерланды инфрақұрылым және қоршаған орта министрі Мелани Шульц екі ведомство арасында қоршаған орта және су ресурстары саласындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.