Қазақстан мен ОАР қарым-қатынасының әлеуеті үлкен - Қ. Саудабаев
көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры Қанат Саудабаев пен ОАР-ның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шириш Сонидің кездесуі өтті. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметінен хабарлады.
Кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Қонақты қарсы алған Қ.Саудабаев жаһандық қауіпсіздіктің көптеген мәселелерін шешудегі екі ел позицияларының үйлесетіндігін, сондай-ақ ынтымақтастықтың алдағы кең перспективасын атап өтті: «Қазақстан мен ОАР арасында көптеген ортақтық бар. Екі ел де ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы көшбасшылығымен және дәйекті қосып келе жатқан үлесімен жақсы таныс. Сондай-ақ елдеріміздің қарым-қатынастарының потенциалы үлкен, сонымен бірге оны ынтымақтастығымыздың алдағы күндері де аша түседі».
Өз кезегінде Ш.Сони: «Қазақстанға келген сәтімнен бастап мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Махатма Ганди, кіші Кинг Мартин Лютер мен Нельсон Манделдің игі істерін жалғастырып келе жатқанын үнемі айтып жүремін. Өйткені бұл көшбасшылардың мінез-құлық сипаттары мен қызметтерінде көптеген ортақтық бар. М.Гандидің ұстанымы ақиқат пен күш көрсетпеуді сақтауда болды. Жаһандық ядролық қарусыздану процесінің қозғаушы күшіне айналған Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы принциптерді ұстанады», - деп мәлімдеді.
Осы аяда Қ.Саудабаев пен Ш.Сони «Назарбаев орталығы» ММ мен Нельсон Мандел Қорының және Мұражайының арасындағы өзара мүдделі ынтымақтастықты орнату мүмкіндіктерін қарастырды.
Сұхбаттасушылар ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Оңтүстік Африка Республикасына алдағы 2013 жылдың бірінші жартысына жоспарланған сапарының екіжақты қарым-қатынас үшін маңыздылығын айрықша атап өтті.
Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы дипломатиялық байланыстар 1992 жылдың 5 наурызында орнатылған.
2003 жылдың желтоқсанында Алматы қаласында ОАР Елшілігі ашылды, кейінірек 2008 жылы ол Астана қаласына орын ауыстырды.