Қазақстан мен Оман сұлтандығының қарым-қатынасы қайта жанданады
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізге Оман сұлтандығының Сыртқы істер министрі Бадр бен Хамад Әл-Бусаиди ресми сапармен келді.

Елордада мәртебелі мейманды ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қарсы алды. Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесуде ол Қазақстан Орталық Азиядағы Оманның жетекші экономикалық серіктесі болуға ынталы екенін айтты.
— Қазақстан Орталық Азиядағы Оманның жетекші экономикалық серіктесі бола отырып, сауда ынтымақтастығымыздың әлеуетін толық іске асыруға ұмтылады. Оман экономикамызға лайықты инвестициялар салды. Бүгінгі күнге дейін жалпы капитал ағыны 253 миллион доллардан асты.
Осы рухта біз Оманның Қазақстан мен көрші елдер үшін Тікелей инвестициялар қорын құру жөніндегі бастамасын толық қолдаймыз. Бүгінгі кездесу біздің күн тәртібіміз үшін одан да көп өзара тиімді нәтиже беретініне сенемін, - деді ҚР СІМ басшысы.
Оның айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту – мәдени және халықтар арасындағы байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді. Мәселен, өткен жылы Оманға қазақстандық сапар шегушілер саны 37%-ға өсіп, 21 мың адамға дейін жетті.

Бүгін Мұрат Нұртілеу мен Бадр бен Хамад Әл-Бусаиди келіссөздер өткізеді деп жоспарланған.
Оман сұлтандығының СІМ басшысы елімізге соңғы рет 2004 жылы ресми сапармен келген екен.
Астанадағы «Салтанат сарайын» салуға дәл осы Оман сұлтандығы қаржы бөлгені ел есінде. Бұл кездесу араға 20 жылдай уақыт салып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың тамырына қайта қан жүгіре бастағанын білдіреді.
Айта кетейік, бұған дейін Оман Қазақстанға Орталық Азия тікелей инвестициялар қорын құруда серіктес болуды ұсынған еді.