Қазақстан мен Оңтүстік Корея Қорғаныс министрлерінің келіссөзі өтпейтін болды
АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрлігі ведомство басшысының Оңтүстік Корея Қорғаныс министрімен өтуге тиіс болған келіссөзі өтпейтінін мәлім етті.

– ҚР Қорғаныс министрлігі Қорғаныс министрінің Корея Республикасына жоспарланған сапары корей тарапының бастамасымен өтпей қалғанын хабарлайды. Корея тарапының жауабы қоса берілген, - деп жазылған министрліктің ресми ақпаратында.
Оңтүстік Корея тарапының ресми мәліметіне сүйенсек, келіссөздің өтпеуіне елдің ішіндегі саяси ахуал түрткі болған.
– Корея Республикасының Ұлттық қорғаныс министрлігі Қазақстан Қорғаныс министрінің Кореяға сапарына қатысты мынаны хабарлайды. Еліміздегі ішкі жағдайға байланысты бүгін Кореяға сапар мүмкін еместігін хабарлаймыз, - деп жазылған мәліметте.
Еске салсақ, елдегі саяси ахуалдың салдарынан кеше түстен кейін Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі отставкаға кеткен еді.
3 желтоқсанда Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль елде әскери жағдай енгізілетінін хабарлағаннан кейін саяси аухал шиеленіскен болатын.
Сондай-ақ, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев саяси ахуалы шиеленіскен Оңтүстік Корея мен Грузиядағы қазақстандықтардың қауіпсіздігі туралы пікір білдірді.