Қазақстан мен Өзбекстан арасында неге тауар айналымы азайып барады – Сауда министрінің жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының көлемі азайып бар жатқанына алаңдаушылық білдірді.

- Кейінгі жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының төмендеуі байқалып отыр. 2022 жылы 5 миллиард доллар болса, 2023 жылы 4 миллиард доллардан сәл асқан. Дәл осындай үрдіс 2024 жылы байқалды. Ал екі мемлекеттің басшылары тауар айналымын 10 млрд долларға дейін ұлғайту мақсатын қойған еді. Бұл - өте өршіл әрі қиын міндет. Арадағы тауар айналымының төмендеуіне не әсер етті, - деп сұрады депутат.
Министрдің сөзінше, кейінгі екі жылда екі арадағы тауар айналымы өзгермеген.
- Бүгінде сіз атаған көрсеткішті 7 млрд долларға дейін жеткізу туралы жоспар дайындалды. Екі елдің вице-премьерлері жалпы құны 4,5 млрд доллар болатын 34 жобаға қол қойды. Бұл - нақты жобалар. Қазірдің өзінде 300 миллион доллардың келісімшарты жасалды. Тауар айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізудің нақты іс-қимылдардың қосымша жоспары бар. Көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда неге төмендеп кетті дегенге келсек, негізгі себеп, әрине, бағаның құбылуында. Тауар айналымының құрылымын қарасақ, Өзбекстанға экспорттайтын өнімнің көбі шикізат. Біз жеткізетін бидай, кен, концентраттардың көлемі азайған жоқ. Тек ақшалай көлем азайды, - деді Арман Шаққалиев.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтерінің арасындағы Орталық Азия «халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы заңды қабылдады.