Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,2 млрд доллардан асты

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,2 млрд доллардан асты
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, бес айда елдің сыртқы сауда айналымы 32,8 млрд долларға теңеліп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға өсті. Қаңтар-мамырда көршілес мемлекет әлемнің 185 елімен сауда-саттық жасады.

Өзбекстанның негізгі сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 7,6 млрд доллардан (жалпы көлемнің 23,4%) асты.

Ал сауда-саттықтың 17,6%-ы Ресейдің үлесіне тиесілі. Бұл елмен арадағы экспорт-импорт көлемі 5,7 млрд доллардан артық.

Сондай-ақ көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндейді. Ресми Астана мен Ташкент арасындағы тауар айналымы 2,2 млрд доллардан (6,9%) асты. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 945 млн долларға көп. Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан 573,7 млн доллардың тауарын экспорттап, 1,6 млрд доллардан астам сомаға өнім импорттаған.

Еске салайық, Өзбекстанда қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар қатары көбейді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бес айда 1,2 миллионнан астам қазақстандық Өзбекстанға саяхаттап барған.