Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,6 млрд доллардан асты
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Қаңтар-тамыз аралығында елдің сыртқы сауда айналымы 42,7 млрд долларға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 6,6%-ға өсті.
Өзбекстан Статистика агенттігінің ақпаратына сай, бүгінгі таңда көршілес мемлекет әлемнің 188 елімен сауда-саттық жасайды.
8 айдың қорытындысы бойынша елдің басты сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемелекет арасындағы тауар айналымы 8 млрд доллардан (жалпы көлемнің 18,8%) асты.
Одан кейінгі орында сауда-саттықтың 18,2% үлесі тиесілі Ресей тұр. Бұл елмен арадағы импорт-экспорт көлемі 7,7 млрд доллар болды.
Сонымен қатар, көшбасшылардың үштігін Қазақстан түіндеді. Біздің ел мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,6 млрд доллардан (жалпы көлемнің 6,2%) асты.
Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан Қазақстанға 872,5 млн доллардың тауарын экспорттап, 1,7 млрд доллардың тауарын импорттаған.