Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 4,3 млрд доллардан асты

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан Қазақстан
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, қаңтар-қараша аралығында елдің сыртқы сауда айналымы 72,8 млрд долларға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 21,8%-ға өсті. Бүгінгі таңда көршілес мемлекет әлемнің 210 елімен сауда-саттық жасайды.

Өзбекстанның негізгі сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 14,6 млрд доллардан (жалпы көлемнің 20,1%) асты.

Ал сауда-саттықтың 16,2% Ресейдің үлесіне тиесілі. Бұл елмен арадағы экспорт-импорт көлемі 11,7 млрд доллардан асады.

Сондай-ақ, көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндейді. Ресми Астана мен Ташкент арасындағы тауар айналымы 4,3 млрд доллардан (6%) артық. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 506 млн долларға көп.

Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан Қазақстанға 1,3 млрд доллардың тауарын экспорттап, 3 млрд доллардан астам сомаға өнім импорттаған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар қатары көбейді.

Қоса кетсек, биыл он айда 7 мыңға жуық қазақстандық Өзбекстанда ем алған.

Еске салайық, желтоқсанның соңына дейін Өзбекстан Қазақстаннан 35 мың тонна мұнай қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар