Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Тәжен» өткізу бекеті 3 айға жабылады
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысы аумағында орналасқан «Тәжен» өткізу бекетінің жұмысы үш айға тоқтатылады. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.

- Өзбекстан тарапымен келісім бойынша 2025 жылғы 1 ақпаннан бастап «Тәжен» кеден бекеті (Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасында орналасқан) өткізу пункті арқылы жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар және 3,5 тоннаға дейін жүктемесі бар автокөлік құралдарын өткізу үш айға тоқтатылады, - делінген хабарламада.
«Тәжен» кеден бекетінің уақытша жабылуына байланысты жеке тұлғалар мен көлік жүргізушілерге «Б.Қонысбаев», «Қапланбек», «Сырдарья» және «Целинный» өткізу бекеттері арқылы өтуге кеңес берілді.
«Тәжен» өткізу пункті Маңғыстау облысындағы «Бейнеу» теміржол станциясына жақын орналасқан. Сондықтан шекарадан поездар арқылы да өтуге болады.
Айта кетейік, «Тәжен» кеден бекетінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған байланысты өткізу пунктінің қызметін уақытша тоқтатуға тура келген.
- Осы кезге дейін бекет арқылы тәулігіне шамамен 150 көлік келіп, осыншасы шетелге кететін. Модерницазия жүргізілгеннен кейін өткізу қуаты 2 есе артады, - дейді департамент өкілі Мақсат Ақмұратов.
Бұған дейін, Маңғыстауда оқушылар астан уланған асхананың 4 қызметкеріне қатысты сот үкімі шыққаны туралы жазған болатынбыз.