Қазақстан мен Өзбекстан астық логистикасын бірлесіп реттемек
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінде Орталық Азия бағытында астық жүктерін тасымалдау мәселелері қаралды.
Көлік министрлігінде «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының және «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерінің қатысуымен Орталық Азия елдеріне астық жүктерін тасымалдау мәселелері бойынша жедел кеңес өткізілді.
— Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттеріне жөнелтілген астық көлемі 5,6 млн тонна болып, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға артты.
Тек қараша айында ғана экспортқа 1,2 млн тоннадан астам астық жөнелтілді, оның шамамен 0,7 млн тоннасы Орталық Азия елдері бағытына тиесілі.
Аталған бағыттағы өткізу көлемінің артуы Өзбекстан Республикасындағы қабылдау терминалдарының шамадан тыс жүктелуіне алып келгені атап өтілді. Бұл өз кезегінде екі елдің көлік әкімшіліктері арасында жедел және келісілген шаралар қабылдауды талап етеді, — делінген министрлік хабарламасында.
Өзбекстан тарапындағы өткізу және өңдеу мүмкіндіктерін ескере отырып, астық экспортын ұйымдастыруға қатысты нақтыланған шешімдерді әзірлеу мақсатында Өзбекстан теміржолдарымен келісім бойынша 8–9 желтоқсанда Сарыағаш және Ташкент қалаларында бірлескен кеңес өткізу туралы шешім қабылданды.
Айта кетелік елден 3,1 млн тонна астық экспортталған еді.