Қазақстан мен Өзбекстан биржалары жеміс, көкөніс өнімдерін бірлесіп сатуға келісті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Өзбекстанның тауар биржалары арасындағы келісім көкөністер мен жемістердің саудасын жеңілдетуге, оның жылдамдығы мен ашықтығын арттыруға бағытталған, деп жазады Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қазақстан мен Өзбекстан биржалары жеміс көкөніс өнімдерін бірлесіп сатуға келісті
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Бұл халықты тұрақты баға және сапалы өніммен сенімді қамтамасыз етуге көмектеседі.
«Биржалық тауар нарығы-2025» халықаралық форумының қорытындысы бойынша «Каспий» тауар биржасы» АҚ мен «Өзбек республикалық тауар-шикізат биржасы» АҚ арасында ынтымақтастық және бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойылды.

Қол қойылған келісім электрондық сауда платформаларын интеграциялаумен қатар, жеміс-көкөніс және өзге де өнімдердің биржалық саудасы саласындағы орнықты және өзара тиімді әріптестікті қалыптастыруға бағытталған. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығы өндірісінің жоғары көлемі белсенді трансшекаралық саудамен ұштастырылған Орталық Азия өңірі үшін маңызды.
Серіктестіктің негізгі мақсаттарының қатарында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты сауданы жандандыру, сауда операцияларының ашықтығы мен сенімділігін арттыру, экспорттық-импорттық мәмілелер үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ екі тараптың халықаралық агроазық-түлік нарықтарындағы ұстанымдарын нығайту бар.

Тараптар сауда рәсімдерін жеңілдетуге және транзакциялық шығындарды төмендетуге ықпал ететін бірлескен тетіктерді әзірлеуге және енгізуге ниетті.

- Біз үшін өзбек тарапымен ынтымақтастық –бірыңғай және тиімді сауда кеңістігін құру бойынша жаңа мүмкіндіктерді ашады. Біз халықаралық нарықтарда тауарларды ілгерілету стратегияларын бірлесіп әзірлеуді, жеміс-көкөніс өнімдерінің сауда динамикасын жақсы түсіну үшін талдау мен зерттеулер жүргізуді жоспарлап отырмыз. 

Маңызды бағыт — бұл сапа стандарттары, сертификаттау және өнімнің қауіпсіздігі. Біз сондай-ақ жеткізілімге қолайлы жағдай жасау үшін логистика саласындағы ынтымақтастық туралы және цифрлық шешімдер мен биржалық технологиялар саласында тәжірибе алмасу туралы келістік, - деп атап өтті «Каспий» тауар биржасы» АҚ президенті Мұрат Қадисов. 

Келісім нәтижесінде оқу курстарын ұйымдастыруды, талдамалық зерттеулер жүргізуді және биржалық саудаға әсер ететін шаралар туралы ақпарат алмасуды қоса алғанда, бизнес үшін тұрақты үйлестіру кездесулері мен іс-шараларын өткізу жоспарлануда.

Алғашқы бірлескен пилоттық сауда-саттық 2025 жылы басталады деп күтілуде. 

Айта кетейік, Өзбекстан Қазақстанмен шекарадағы өткізу пункттеріне «жасыл» және «қызыл» дәліз жүйесін енгізбек.

Соңғы жаңалықтар