Қазақстан мен Өзбекстан импорт кезіндегі өзара сауданың бажсыз тәртібін енгізуді көздейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінде «2011 жылғы 18 қазандағы Еркін сауда аймағы туралы шартты оның тараптары мен Өзбекстан Республикасы арасында қолдану туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.
None
None

Хаттамаға ТМД Үкімет басшыларының кеңесінің 2013 жылғы 31 мамырдағы отырысында Минскіде қол қойылған еді. Хаттама шеңберінде Қазақстан Өзбекстанға тиісті тауарларды әкету кезінде оларға қатысты экспорттық бажды қолдануды көздеген тауарлар тізбесін бекіткен болатын. Ал өз кезегінде Өзбекстан Қазақстанға тауарларды экспорттау кезінде кеден бажын қолдану құқығын өзіне қалдырған. Атап айтқанда, Қазақстан осы хаттама шеңберінде Өзбекстанға мұнай, мұнай өнімдері, қара және түсті металдардың қалдықтары мен сынықтары, тері мен жүн, табиғи газ секілді стратегиялық маңызды тауарларды әкету кезінде экспорттық кедендік баждарды қолдану құқығын өзіне қалдырады. Бұл ретте Өзбекстан Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан және Украин кедендік аумақтарынан шығарылатын тауарлар импортына қатысты кедендік баждарды қолданбайды. Хаттамаға сәйкес, Өзбекстан ДСҰ-ға қосылғанға дейін немесе 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін осы Хаттаманы қолдануға қатысты екі ел арасындағы туындайтын даулар тараптар арасындағы консультациялар арқылы шешіледі. Заң жобасын қабылдау сауда байланыстарын нығайтуға және ТМД-ның жоғарыда көрсетілген елдерімен және Өзбекстанмен арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Құжат палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.

Соңғы жаңалықтар