Қазақстан мен Өзбекстан президенттері бірқатар бірлескен жобаны іске қосады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 14-15 қарашада мемлекеттік сапармен Өзбекстанға баратын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көршілес елдің басшысы Шавкат Мирзиёевпен келіссөз жүргізеді, сондай-ақ бірқатар жобаны іске қосады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Мирзиеев
Фото: Ақорда

Сапар бағдарламасына сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан көшбасшыларының төрағалығымен Ташкентте Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысы өтеді. Бұған қоса, президенттер сауда, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, энергетика, су ресурстары, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге бағытталған жобаларды талқылайды.

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен атап өткендей, кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев жаһандық саясат және аймақтағы маңызды мәселелер бойынша пікір алмасады.

Мұнымен бірге, президенттердің қатысуымен Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы және бірқатар бірлескен жобалар іске қосылады. Сапар аясында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік және одақтастық қарым-қатынастарды тереңдетуге бағытталған бірнеше маңызды құжатқа қол қойылады.

Ал 16 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне де қатысады. Аталған іс-шараға өңір елдерінің президенттерімен қатар, Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев құрметті қонақ ретінде шақырылған.

Еске сала кетейік, бірер күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге мемлекеттік сапармен барған еді. Оның барысында екі елдің ынтымақтастығын бекемдей түсетін құжаттар қабылданды.

Соңғы жаңалықтар