Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында 400-ден аса жүк көлігі кептелісте тұр

АҚТАУ. KAZINFORM — Көліктер мемлекеттік шекараның Қазақстан аумағында «Тәжен» өткізу пунктінде жиналып қалған.

Қазақ-өзбек шекарасында кеден терминалы ашылады
Фото: Өзбекстанның Кеден комитеті

Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 25 қарашада Өзбекстан Республикасында «Дәуіт-Ата — Қоңырат» (400 шақырым) автомобиль жолы ашылып, бұл өткізу пунктінде көлік кептелісінің болуына әсер еткен. Осыған байланысты жүк көліктерінің ағыны көп.

— Бұдан басқа, қазіргі уақытта «Тәжен» өткізу пунктінде өткізу пунктін жаңғырту және техникалық жете жарақтандыру шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп толықтырды құзырлы орган. 

Тәулігіне бір бағытта 150 жүк автокөлік өткізу қабілетіне қарамастан «Тәжен» кеден бекеті өткізу пунктін қайта жаңарту жағдайында Қазақстаннан тыс жерлерге шығуға 200-250 жүк көлігін өткізуді қамтамасыз етеді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қазақстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізуді ұзақ күтпес үшін Маңғыстау облысы бойынша МКД тауарларды тасымалдаудың баламалы бағыттарын таңдауды не қалыптасқан жағдайды ескере отырып, тауарларды тасымалдауға көбірек уақыт бөлуді ұсынады.

Сондай-ақ, департамент тарапынан кедендік операцияларды жеделдетуге бағытталған қосымша шаралар қабылданған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан жеке куәлікпен өту тәртібі енгізіледі.

 

Соңғы жаңалықтар