Қазақстан мен Өзбекстан су бөлу келісімінің жобасын әзірлеп жатыр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бүгін Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстанның су шаруашылығы министрлері екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қазақстан мен Өзбекстан су бөлу келісімінің жобасын әзірлеп жатыр
Фото: ӨР Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен оның өзбекстандық әріптесі Шавкат Хамраев вегетацияаралық кезеңдегі жұмыстардың атқарылу барысын талқылады.

- Былтыр желтоқсанда біз Ашхабад қаласында кестені келіскен болатынбыз. Оған сай, уағдаласқан көлемдегі суды 100 пайыздан көп көлемде алып отырмыз. 10 қаңтардағы есепке сәйкес, Қырғызстан мен Өзбекстан бағыттаған 2 млрд текше метрден астам су Шардара су қоймасына түсті. Өз кезегінде ол су Солтүстік Аралға және Қызылорда облысындағы көлшік жүйелеріне жіберіліп жатыр. Жалпы, қос тараптан да толық түсіністік бар. Екі ел өз міндеттемелерін 100% орындап отыр, - деді Нұржан Нұржігітов Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Министр атап өткендей, қазіргі таңда Қазақстан мен Өзбекстан су бөлу келісімінің жобасын әзірлеп жатыр.

- Біз еліміздің мемлекеттік органдарымен келісілген жобаны өзбек тарапына бердік. 15 күн ішінде олар бізге жауап жолдайды. Сонымен қатар, Ташкенттегі кездесу барысында екі елдің ирригациялық жүйелерін жаңғырту жұмыстарын талқыладық. Оның нәтижесінде вегетациялық кезеңге дейін бірлесіп жөндеу жүргізу келісіміне келдік, - деп тоқталды ведомство басшысы.

Еске салайық, биыл 29 қантарда Душанбе қаласында Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 88-ші отырысы өтті. Оның барысында жасалған келісім нәтижесінде Қазақстан көршілес елдерден көктемде 11 млрд текше метр су алатын болды.

Соңғы жаңалықтар