Қазақстан мен Өзбекстан су ресурстарын ғарыштан бақылау бойынша бірлескен жоба әзірлеуі ықтимал
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбек тарапы 1 гектар жерге қанша су жұмсалатынын ғарыштан бақылап отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сұхбат берген «Өзбекосмос» агенттігі директорының орынбасары Мухиддин Ибрагимов айтты.

Ведомство өкілінің мәліметінше, бүгінде Өзбекстанда ғарыштық мониторинг бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Ол экология, су және орман шаруашылығы салаларын қамтиды.
— Біз елдегі негізгі 60 су қоймасын цифрландырдық. Қанша көлемде су жиналғанын, оның қандай мақсаттарға қолданылып жатқанын толық бақылаймыз. Тіршілік нәрінің басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына бағытталады. Осы ретте агенттік ғарыштық мониторинг арқылы судың қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанын, ысырап болғанын көре алады. 1 гектар жерге қанша су жұмсалатынын онлайн режимде біліп отырамыз. Кейін алынған ақпараттар талдаудан өтіп, тиісті органдарға жолданады, — деп жауап берді Мухиддин Ибрагимов Kazinform тілшісінің сауалына.
Ол атап өткендей, ғарыштық мониторинг бойынша өзбек тарапы Қазақстанмен ынтымақтастықта жұмыс істейді.
— Бүгінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы мен біздің агенттік тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Біз түрлі бағыттарда ақпарат алмасамыз. Сонымен қатар қазақстандық әріптестеріміздің қатысуымен өңірлік деңгейдегі бірлескен жобалар әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Су шаруашылығына қатысты ғарыштық мониторинг жүргізу — біздің келешек ынтымақтастығымыздың бір бағыты болатыны анық, — деп қорытындылады Мухиддин Ибрагимов.
Еске салайық, былтыр Өзбекстан ғарыш кеңістігін зерттеуге бағытталған халықаралық шартқа қосылған еді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан ғарыш саласындағы серіктестікті нығайтуға ниетті.