Қазақстан мен Өзбекстанның әдебиет саласындағы байланысы нығайып келеді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан астанасында ақын, композитор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төлеужан Ғұмаровтың «Алтын бесік» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қазақстан мен Өзбекстанның әдебиет саласындағы байланысы нығайып келеді
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Тұсаукесер салтанаты Низами атындағы Өзбекстан ұлттық педагогикалық университетінің ғимаратында өтті. Оған Өзбекстандағы қазақ қаламгерлері, студенттер мен жергілікті қазақтар қатысты.

Қазақстан мен Өзбекстанның әдебиет саласындағы байланысы нығайып келеді
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Алтын бесік» кітабы қазақ-өзбек тілдерінде жарық көріп отыр. Түпнұсқаның авторы Төлеужан Ғұмаров болса, туындыны өзбек тіліне Робия Дустанова аударған.

- «Алтын бесік» - менің төртінші кітабым. Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жыл сайын шығатын туындылар сериясы бар. Соның негізінде менің де еңбегім жарық көрді. «Алтын бесік» кітабы балабақша, мектеп балаларына арналған танымдық оқулық. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қазақ-өзбек қарым-қатынасын, оның ішінде әдеби байланыстарды нығайту бастамасы бар. Тиісінше, кітапты өзбек тіліне аудару аталған жоба аясында қолға алынды. Осы ретте аудармашы Робия Дустановаға алғыс білдіремін, - деді кітап авторы Төлеужан Ғұмаров.

Қазақстан мен Өзбекстанның әдебиет саласындағы байланысы нығайып келеді
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

1000 тиражбен басылып шыққан кітапта қазақтың салт-дәстүрі, ырымдары мен тыйым сөздері қамтылған. Еңбек баланың санасына қонымды тілмен, яғни тез жатталатын қысқа өлең шумақтарымен жазылған.

- Биыл жарық көрген «Алтын бесік» туындысын қазақ халқының салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін поэзия тілімен таныстыратын тәрбиелік мәні жоғары жыр жинақ ретінде бағалауға болады. Жинақтағы өлеңдер бала тіліне жатық әрі көркем стильде жазылған. Ондағы өлеңдер арқылы жас ұрпақ ата-баба жолын танып, ұлттық тәрбие мен білімге бет алады. Мұндай еңбектерді жарыққа шығару – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени, әдеби байланыстарының нығайып келе жатқанын айғақтайды, - деп тоқталды Өзбекстан Жазушылар одағына қарасты Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Тұрсынәлі Ахметов.

Еске салайық, былтыр Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің 20-ға жуық кітабы жарыққа шықты. Оның ішінде Абдулла Рүстемовтің «Қайран дүние», Сапарбек Иманбековтің «Достарымыз жырлайды», Жарасқан Мырзамұратовтың «Ақиқаттың дәмі ащы» және Лола Жүнісқызының «Қарасу жырлары» атты еңбектері бар.

Қоса кетсек, бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан мәдени байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін жазып едік.

Соңғы жаңалықтар