Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының 95%-ға жуығы ұлттық валюталармен жүзеге асырылады
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей Президенті Владимир Путин халықаралық ақпарат агенттіктері басшыларымен кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының өсіп келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

— Біз өсіп келе жатқан тауар айналымын негізінен — шамамен 95% — ұлттық валюталарда жүргізіп отырмыз. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. Ол бізге тауарлар мен қызметтер үшін ақша аудару мен өзара есеп айырысудағы қиындықтарға қарамастан, тауар айналымының өсуін бәсеңдетпеуге мүмкіндік береді, — деді Владимир Путин.
Ресей Президенті сонымен қатар екі ел арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықтың, соның ішінде білім беру саласындағы байланыстардың белсенді дамып келе жатқанын айтып, алдағы уақытта да өзара қарым-қатынастар нығая түсетініне сенім білдірді.
Бұған дейін Владимир Путин Иран мен Израиль арасындағы жанжалды шешудің жолы туралы айтты.
Сондай-ақ Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуда ешқандай қиындық жоқ екенін жеткізді.