Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 42 пайызға өсіп отыр

Ал 2011 жылы екіжақты тауар айналымы көлемі 23,8 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл ретте өсім серпіні 42,3 пайыз деңгейінде болып отыр. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында мәлім болды.
Сыртқы істер министрлігінің реми өкілі Алтай Әбибуллаев брифинг барысында Қазақстан мен Ресей арасында шынайы достық және әріптестік қатынастар орнатылғанын ерекше атап өтті. Ықпалдастық үдерістер мен өңіраралық ынтымақтастық қарқынды дамуда. Қазақстан мен Ресей көптеген маңызды халықаралық мәселелер бойынша ұқсас ұстаным танытуда.
«Өздеріңізге белгілі, 2012 жылдың 25 мамыр күні біз Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек беру туралы негізгі шартқа қол қойылуының 20 жылдығын атап өттік. Ал 7 маусым күні Ресей Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында біздің елдеріміздің басшылары 1992 жылдың 25 мамырындағы Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек беру туралы шартқа өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттамаға қол қойған болатын», - дейді ресми өкіл.