Қазақстан мен Ресей арасындағы ядролық өнімдерді кәдеге жарату туралы келісімнен түскен қаражат 1996 жылдан бері жеке есепшотқа түсіп келген - О. Өксікбаев

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Үкіметі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылау барысында Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев осылай мәлім етті.
«Бүгінгі күні Қазақстан мен шет мемлекеттердің Үкіметтері арасындағы келісімдерінің жетілген түрдегі мониторингісінің жоқтығы бюджет үдерісін тиімсіз іске асыруға алып келуде. Бақылау материалдарына жүгінсек, жекелеген олқылықтарға және кейбір келісім нормаларының орындалмауына байланысты еліміз уақытылы түсетін кірістерін ала алмай орынсыз шығынға ұшырауда. Мәселен, ҚР мен РФ Үкіметтері арасындағы келісімге сәйкес ядролық өнімдерді кәдеге жарату қызметінен түскен қаражат 1996 жылдан бері республикалық бюджет кірісіне аударылмай жекеменшік құрылымның есепшотына жинақталып келген», деді О. Өксікбаев.
Оның айтуынша, есеп комитетінің тексеруінен кейін ғана әлгі келісімнің 31,8 млрд. теңгеге жуық қаражаты өткен жылы бюджетке аударылған. «Мемлекеттің шеккен зияны қаншама десеңізші. Мұны құқық қорғау органдары зерттеуі керек», деді О. Өксікбаев.