Қазақстан мен Ресей шекарадағы өзендерде су тасқынына дайындалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынын болжау және алдын алу үшін еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі жанындағы республикалық дағдарыс орталығы Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің дағдарыс жағдайдағы ұлттық басқару орталығымен трансшекаралық өзендердегі су деңгейінің жай-күйі туралы тұрақты ақпарат алмасуда.

 шекарлас өзендер
Фото: Олеся Жуковень/Kazinform

Қазір тасқынға қарсы инфрақұрылымды нығайту және тәуекелді азайтуға бағытталған жұмыстар істеліп жатыр. Негізгі іс-шаралардың қатарында бөгеттер салу және нығайту, суды бұру арналары мен арықтар қазу, сондай-ақ суды өткізу құрылыстары мен кәріз жүйесін жөндеу жұмыстары бар. Алайда, сарапшылардың пікірінше, Ресей федерациясымен шекараны кесіп өтетін өзендерде бөгеттер бұзылған немесе су деңгейі күрт көтерілген жағдайда, атқарылған жұмыстар жеткіліксіз болуы мүмкін.

Осы орайда еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынының алдын алуда уәкілетті органдар мен ұйымдарды тиімді басқару және өзара іс-қимыл жасау үшін жаһандық және өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленіп, бекітілгенін хабарлап отыр.

— Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі, өңірлік төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің дағдарыс жағдайында басқару орталықтарымен тұрақты негізде ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асырады. Оның ішінде трансшекаралық өзендердегі су деңгейі мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі және ауа райының өзгеруі туралы ақпарат алмасады, - делінген агенттік жолдаған сауал жауабында.

Осылайша, еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі тасқын болжамына қатысты деректерді талдай отырып, алдын алу, жедел ден қою шараларын қарастырып жатыр.

Айта кетсек, бүгінде еліміздің барлық су қоймалары су тасқыны кезеңіне дайындалуда.

Сонымен қатар өңірлерде су тасқынының алдын алуға қатысты қандай жұмыс атқарылып жатқанын хабарлаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар