Қазақстан мен Ресей шекарасындағы жүк көліктерінің кептелісі: ҚазАвтоЖол түсініктеме берді
АСТАНА. KAZINFORM – «Ақтөбе – Мәртөк – РФ шекарасы (Орынборға)» бағытындағы автожолдың жөнделіп жатқан учаскесінде ауыр жүк көліктерінің кептелісі тіркелмеген. Бұл туралы ҚазАвтоЖол ресми ақпарат таратты.

Атап айтқанда, ұзындығы 92 шақырым болатын аталған автожолдың 54-84 және 95-99 шақырым аралығындағы бөліктерінде 2025 жылғы 22 мамырдан бастап орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы жөнделетін бөлік – 34 шақырым.
2025 жылғы 3 маусымдағы жағдай бойынша 3,5 шақырымда төменгі қабат асфальтбетон жабыны төселген. Жол бойындағы қозғалыс пен айналма жолдарда (96-98 км) көлік қозғалысы штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр.
Жөндеу жұмыстары басталғалы бері (13 күн ішінде) учаскеде көлік кептелісі тіркелмегені атап өтілген ресми ақпаратта.
Сонымен қатар «Жайсан» өткізу пункті алдында ұзындығы 1 шақырым болатын екі қабатты жол төсеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар көлік қозғалысына кедергі келтірмейтіндей ұйымдастырылған.
Осылайша қазіргі уақытта шекара маңындағы жол жөндеу жұмыстары көлік кептелісіне себеп болмай отырғаны ресми түрде расталды.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылы елімізде жолдарды жөндеуге 781 миллиард теңге қарастырылғаны жайлы жазғанбыз.