Қазақстан мен Ресей Солтүстік — Оңтүстік көлік дәлізінің мүмкіндіктерін бірлесіп кеңейтеді — Президент мақаласы

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің «Российская газета» басылымына шыққан «Мәңгілік достық — халықтарымызға жол сілтер темірқазық» атты авторлық мақаласында екі арадағы көлік-логистикалық байланыстың маңызына тоқталған

Қазақстан мен Ресей Солтүстік — Оңтүстік көлік дәлізінің мүмкіндіктерін бірлесіп кеңейтеді — Президент мақаласы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

— Мен көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетуді аса маңызды стратегиялық іс деп санаймын. Қазақстан аумағы бойынша 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Бұл — Азия мен Еуропа арасын жалғайтын, құрлықтағы өзара жүк тасымалының шамамен 85%-ын қамтамасыз ететін бес теміржол, сегіз автомобиль дәлізі.

Қазақстан мен Ресей аумағын, географиялық орнын ескерсек, транзиттік маршруттар мен тиісті инфрақұрылымды одан әрі дамыту бүкіл Еуразияның тұрақты көлік байланысын қамтамасыз ететіндей маңызға ие. Осы мақсатқа жету үшін елдеріміз «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің өткізу қабілетін арттыруға күш салып жатыр. Қазақстан-Ресей шекарасындағы 30 автомобиль өткізу пункті жаңғыртылып жатыр, — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, мақалада екі ел «Солтүстік — Оңтүстік» көлік дәлізінің шығыс тармағының мүмкіндіктерін бірлесіп кеңейтуге күш салатыны сөз болған.

— Қазірдің өзінде бұл бағыттағы жүк тасымалының көлемі айтарлықтай өскені байқалады. Бұл үдерісте Ресей — Қазақстан — Түркіменстан — Иран теміржолы ерекше рөл атқарады. Жол картасына қол қойылды. Ол іске асса алдағы бес жылда аталған стратегиялық «артерияның» өткізу қабілеті жылына 20 млн тоннаға дейін жетеді.

Аталған бағыттар екіжақты ынтымақтастықта маңызды орын алады. Бірақ барлық әлеуетті саланы ескерсек, өзара іс-қимылдың ауқымы әлдеқайда кең. Екі елдің үкіметтеріне болашақ экономиканың келбетін айқындайтын жаңа салаларды, бірінші кезекте, жоғары технологияларды өзара әріптестіктің алғы шебіне шығару тапсырылды, — деп жазады Мемлекет басшысы. 

Айта кетелік Президенттің Мәскеу сапарында жаңа декларацияға қол қойылады

Соңғы жаңалықтар