18:10, 11 Қараша 2013 | GMT +5
Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығының 11-ші форумы Атырауда өтеді
ЕКАТЕРИНБУРГ. 11 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығының 11-ші форумы келер жылы Атырауда «Көмірсутегі саласындағы инновациялар» тақырыбымен өтеді. Бүгін ҚР мен РФ аймақаралық ынтымақтастығының 10-шы мерейтойлық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай ұсыныс жасады.

«Әлемнің заманауи дамуы, сонымен қатар жаһандық сын-қатерлер біздің алдымызға жаңа міндеттер мен мақсаттар жүктейді. Біздің экономикаларымыздың ең соңғы технологиялық прогресс трендтеріне дер кезінде үн қатуының маңызы зор. Дегенмен біздер үшін жаңа салаларды дамыта отырып, мұндай өзгерістерде қаржы көзі қызметін атқаратын ресурстық база жайын да ұмытпауға тиістіміз», деді Елбасы. Осы орайда Мемлекет басшысы дәстүрлі шикізат секторын жаңғыртуға ерекше назар аудару стратегиялық тұрғыда маңызды екендігін баса айтты. «Осыған орай келесі форумның тақырыбын «Көмірсутегі саласындағы инновациялар» ретінде белгілеуді және 2014 жылы Атырауда өткізуді ұсынамын», деді Н.Назарбаев.