Қазақстан мен Ресейдің Каспий теңізіндегі кенді бірлесе зерттеу туралы келісіміне өзгерістер енгізілді - Парламент

Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, аталған келісім Қазақстан мен Ресейдің, олардың уәкілеттік тұлғалары арасындағы «Құрманғазы» (Қазақстан) кен орнын, «Центральный» және «Хвалынское» (Ресей) кен құрылымдарын, Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін бірлесіп игеру бойынша қызметтің құқықтық негіздерін бекітеді. «2015 жылы Қазақстан мен Ресей Президенттері Центральный геологиялық құрылымын жете барлау құқығын бөлу жөніндегі өзгерістерді қамтыған хаттамаға қол қойған болатын. Центральныйдың құрылымы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде, Ақтау қаласының оңтүстік батысына қарай 150 шақырым, Астрахан қаласынан 440 шақырым қашықтықта Ресей секторында орналасқан. Жұмыс учаскесіндегі су тереңдігі 350-500 метрді құрайды. Ресей тарапының алдын ала деректері бойынша құрылымда 90 млн. тонна мұнай, соның ішінде С-1 санаты бойынша - 6 млн тонна, С-2 санаты бойынша 84 млн тонна мұнайды құрайды», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, келісімдегі өзгерістер Ресейдің Жер қойнауын пайдалану жөніндегі федералдық агенттігінің «Нефтегазовая Компания Центральная» ЖШҚ бірлескен кәсіпорынына жете барлау жүргізуге лицензия алуға уәждемелік бас тартуға қатысты болып отыр. Ресей заңнамасына сәйкес, жете барлау бөлігінде шектеулер белгіленген. Атап айтқанда, геологиялық зерттеулерге қатысты жалпы мерзімі мен барлауды ұзарту мүмкіндігін қарастырмайды және бес жыл мерзімге беріледі. Осыған байланысты хаттамаға өзгерістер енгізіліп отыр.
«Тұтастай алғанда, Центральный құрылымын игеру Каспий теңізінің солтүстік бөлігін игеру кезіндегі геологиялық ақпараттар алуға, қазақстандық кадрлар үшін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деді Ә. Мағауов.
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.