12:10, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстан мен Ресейдің теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім қабылданды ? Парламент
АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
Енді Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2004 жылдың қазан айында Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы Теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Бұл келісімнің негізгі мақсаты ? мемлекеттер арасындағы теңіз көлігі саласындағы қатынастарды реттеу мен дамыту және кеме қатынасындағы тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ қабылданған заң екі мемлекеттің де теңіз-сауда флотын және айлақтарын тиімді пайдалануға, теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және теңіз ортасын қорғауға бағытталған.
Бұдан басқа Келісім айлақтарға еркін кіру, жүктерді тиеу және түсіру үшін оларды пайдалану, алымдарын төлеу, қарапайым коммерциялық операцияларды және теңізде жүзуге арналған қызметтерді пайдалану бөлігінде өз тарапына қатысты қолданылатындай режимді қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен бірге, тараптардың құзыретті органдары берген кемелік құжаттарды және теңізшілердің жеке басын куәландыратын құжаттарды тануы көзделеді. Бұл ретте Келісімнің 9-бабында теңізшілердің жеке басын куәландыратын құжаттардың бірі болып теңізшінің жеке куәлігі белгіленген.